Ең сәтті жобалар қарапайым арманнан басталады. Идея пайда болғаннан кейін адам арманына ұмтылса ең жақсысын жасай алады. «Ең бастысы, өзіңе сену және қиындықтарға берілмеу», — деп есептейді табысты кәсіпкер Ислам Давуз.
Кез келген бизнес тәуекелмен байланысты екені анық. Бірақ өз күшіне сену және дұрыс есептеу — өркендеуге апаратын жол екендігін де ұмытпау керек.
Үлкен мегаполис немесе шағын елді мекен – маңызды емес, бизнестегі табыстың кілті әрқашан тынымсыз еңбек болып қалатыны сөзсіз. Осы қағиданы негізге ала отырып, «Куликов и К» және «Кордайский молочный продукт» серіктестіктері ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келеді.
Бүгінде кәсіпорын шығаратын өнімдер Қазақстаннан тысқары жерлерде де белгілі. Мұндай жетістіктің сыры – жоғары сапада.
Кәсіпкер Ислам Давуз жетекшілік ететін кәсіпорын кондитерлік және сүт өнімдерін шығаруға маманданған. Қазіргі уақытта «Сладари» маркасы кондитерлік өнімдердің 70-тен астам түрін қамтиды. Нарықта шыққалы бері 17 жылдан астам уақыт бойы «Куликов и К» тұтынушылардың сүйіспеншілігін иеленумен қатар, бірнеше мәрте кәсіпкерлік саласындағы ең жоғары марапаттарға ие болды. Осы жылдар ішінде мұнда көптеген өз ісінің мамандары дайындалды, бұл кәсіпкер Ислам Давуздың тағы бір үлкен мақтанышы.
Белгілі болғандай, іскер азамат өндірісте жаңа технологияларды енгізуге ерекше ден қояды. Кәсіпкер ең алдымен, тек табиғи шикізатты пайдалануды қолдайды. Бұл принцип барлық өндірілген өнімдерге қолданылады. Бірегей технологияларды енгізу тіпті ұзақ қашықтыққа тасымалданғанда да, белгілі бір уақыт кезеңінен кейін де сапаны сақтауға септігін тигізеді. Бұл ең алдымен кондитерлік өнімдерге қатысты. Айтпақшы, қазіргі уақытта Еуропаға экспортқа шығарылатын өнімдердің жаңа желісін шығару жоспарлануда.
Кәсіпкер сәтті жүзеге асырып жатқан тағы бір ауқымды жоба – сүт саласы. Дәлірек айтсақ, балмұздақ пен май өндіру. Қазір серіктестік балмұздақтың 120 түрін шығарады, сұраныс артып келеді – ассортиментін кеңейту қажет. Қордай жерінде өндірілген балмұздақ түрлерін Қазақстанның барлық дерлік қалаларының дүкен сөрелерінен табуға болады. Арнайы рецепттерді қолдана отырып, Ислам Исмарович балмұздақтың эксклюзивті түрлерін жасап шығарды, осылайша кәсіпкер мен оның ұжымы бала кезімізден бізге таныс «Пломбир» мен «Каракум» сияқты тәтті тағамдарға ерекше дәм бере білді. Мұздатылған кептірілген жидектерді қосу арқылы балмұздақтың жаңа түрін іске қосу күткен нәтижеден асып түсті. Әсіресе табиғи таңқурай мен құлпынай дәмі «Сладари Востока» өніміне ерекше нота береді. Сонымен қатар, компания тұтынушылардың кез-келген қалауын ескерген — талғампаздар үшін «стаканчик» нұсқалары және брикеттегі балмұздақтар бар. Айта кету керек, өнімдерді жеткізуде арнайы брендтелген көліктер қолданылады, тәтті өнімді тасымалдаған «Сладари» брендін байқамау мүмкін емес. Шын мәнінде, арнайы өндіріс технологияларынан басқа, жарқын, түрлі-түсті қаптама дизайны маңызды рөл атқарады. Осы бөлшектердің барлығы Қордайдың кең танымал «Сладари» брендінің бейнесін жасайды.
Сонау 2012 жылы «Кордайский молочный продукт» өз алдына жергілікті нарықты экологиялық таза өніммен қамтамасыз ету бойынша күрделі мақсат қойды. Көптеген жылдар өтсе де компанияның мақсаттары өзгерген жоқ. Бүгінгі таңда И.Давуз бастапқы бағытты жандандыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысуға дайын, атап айтқанда ашытылған сүт желісін шығару, мұндағы жалғыз мәселе – табиғи сүттің жеткілікті көлемінің жоқтығы. Проблема оң шешімін тапса біз тарихта қалған «Снежок» ванильді айранының дәмін тағы да тата аламыз.
Әрбір кәсіпкердің өз табыс жолы болады. Дегенмен, барлығына ортақ бір нәрсе бар – ол мақсатқа батыл қадам. Ислам Исмарұлы бірнеше қадам алға қарай ойлайтын кәсіпкер. Ол тәуекелге барады, тек сонда ғана жаңа деңгейге жету мүмкін екендігіне сұхбаттасым сенімді. Бүгінгі күні бизнесмен адамдарды басқару үшін рухани құрамдас бөлікке көбірек көңіл бөледі, алдымен өзіңді жетілдіру керек деп есептейді. Айтпақшы, жоғары нәтижеге жетудің басты факторы – ұжымның үйлесімді жұмысы, дейді кәсіпкер.
Шолпан САБАНОВА