Балуан Шолақ пен Кенен

0

…Күндізгі думан өтіп, тойға келгендер кешке қарай төңіректегі ауылдарға бөліне тарқасты. Көппен араласқан Балуан да бір ауылға келіп түсті. Балуан түскен ауылдың адамдары, осы ауылға келген қонақтардан, “Кебекең” деген бір ақсақалға ерекше құрмет көрсетті

Балуан жүрттың әңгімесіне құлақ түрсе, — “Кебекеңнің” шын аты — Кебекбай екен. Ол бүкіл Дулат атаулының әрі ақсақалы, әрі сәуегейі болып саналады екен. Қасына ере келген адамдары, осы Кебекеңнен:
— Егер рұқсат етсеңіз, мәжілісімізді көріктендіруге Кененді алдырсақ қайтеді? — деп өтінді.
— Алдырсаңдар, алдырыңдар! — деді Кебекбай.
— Бар, тап та шақырып кел! — деп жұмсаған жігіт кеткеннен кейін, бұл ауылға жиналған қалың жұрттың аузында Кененнің кім екендігі сөз болды.
— Сол жігітті аса әнші деп жүр ғой, – деп сұрайды біреу, қай ауылдан екен өзі?
— Дулат ішіндегі Жаныс көрінеді ғой ол. Жаныстың ішінде Қасқарау. Оның ішінде Сати-Боти. Мекендері Мәтібұлақ көрінеді. Әзірбай деген кедей шал болатын Сатида. Соның қартайған кезінде туыпты ғой бұл бала. Жасынан жетім қап, бай ағайындарының қой-қозысын баққан екен. Ержете аузына жел бітіп, қазір бүкіл Дулаттың атақты ақыны болғанға ұқсайды. Өзі сымбатты да, көрікті жігіт боп өскен. Даусы да керемет өзінің, аққудай сұңқылдайды… Ән де шығарады өзі, өлең де шығарады. Өлеңі онша қырғын емес. Ал енді әні бар ғой, — бұлбұлдың сайрауына бергісіз… Үлгіні кімнен алды екен бұл?
— Балуан Шолақтан…
— Не дейсің? Жолығып па екен Балуан Шолаққа?
Арқадан Жетісуға келе жатқан Балуан Шолақ, Сати-Боти елін аралап жүріп Доланқара тауына келгенде, қой жайылып жүрген тас арасынан әдемі ән естіледі. Айтушыны Балуан Шолақ таптырып алса, он бестер шамасындағы қойшы бала екен дейді. Әлгі бір қойшы баланың зарыққан мұңын бозторғайға шағатын әні бар ғой, сол ән, сол қойшы баланың шығарған әні екен дейді…
— Апырау, не дейді?!…
— Дауысы да, әні де ұнаған баланы Балуан Шолақ қасына ерген нөкерлерімен ала кетпек болған, баланың да барғысы келген екен, жалдаған бай жібермейді… Балуанның жүрген жері ұлы думан көрінеді ғой. Қасқарауда ол Ноғайбай дейтін байдың үйіне түседі. Балуан Шолақ келді деген соң қалың Қасқарау жиналса керек. Сонда әнін мақтаған Қасқарауларға Балуан: “Менен де зор әнші, — өздеріңнің араларыңда жүр, бірақ ән айтып жүрген жоқ, қой бағып жүр” деп Кененді өлердей мақтап, “нанбасаңдар көріңдер!” деп, әдейі ат жібертіп алдыртса, Балуанның айтқаны расқа шыққан соң, қалың Қасқарау Кененді басына көтеріп әкетсе керек…
— Жақсы адамның аса сөйлемей, баса сөйлейтін әдеті ғой… Балуан Шолақтың өзін баса, Кененді көтере сөйлеуі содан болған шығар, әйтпесе, өз дауысына жан пар келмейді деп естігенбіз, айғай салған дауысы тауды жаңғырықтырып, тасты сілкіндіреді деп естігенбіз, жүз бұралып, мың құбылады деп естігенбіз!… Кенен де керемет көрінеді ғой!… Сонысына қарағанда, Балуан Шолақтан бата алып, аузына түкірткен ғой ол!…
— Апыр-ай десейші! — деп ду ете түсті үйдегілер…
— Ал, енді, мен сендерге бір қызық айтайын, — деді біреу, көпшіліктің шуын басқысы келгендей, қатты дауыспен:
— Иә! — деді де, шу тез басыла қалды.
— Осы Кенен бар ғой, сол Балуан Шолақтың бар әнін аузынан қағып алған!…
— Не дейді?!…
— Дегенімді айтайын: Балуан Шолақ Ноғайбайдың үйіне қонған күні мен де сол үйде едім. Балуанның әнін есітеміз деп келген жұрт үйге симайтын болған соң, халықтың тілегін орындап, Балуан далаға шықты. Ауыл Мәтібұлақтың жағасында, таудың арасында отырған. Балуанға ере тысқа менде шықсам, тау саласындағы адамның көптігінен көз тұнады. Айт пен тойға да мұндай көп жиналмас жұрт.
— Жұртты қоя тұрып, Балуанды айт десті үйдегілер.
— Айтсам, Балуан таудың төскейіндегі шыңға көтерілді де ән шырқады. Мана үйде бірер әнді айтқанда, дауысы аса зор сияқты емес еді, қоңырлау, бірсыдырғы секілді-тін, тысқа шығып сол әнді қайта айтқанда, дауысы биіктеп көтерілді де кетті. Сонда ол айқайлаған жоқ, әдемі нақышпен қоңыр ғана айтты. Осы дауысы тауды жаңғыртып, тасты сілкіндіріп жіберді…
— Аруақ қонған адамның әдеті емес пе, топты көрсе арқаланып кететін. Аруағы көтеріп кеткен ғой, оның дауысын.
— Сонымен қызық болды деді Балуан Шолақтың өнерін баяндаушы.
— Иә?…
— Сол түні таудың саласында Балуанның және оның нөкерлерінің әнін тыңдаған жұрт кірпік қаққан жоқ. Балуан қызық кісі екен. Мынау пәлен әнім, мынау түген әнім деп әр әнінің бір-бір ауызын өзі бастап береді екен де, нөкерлеріне “ендігісін сендер айтыңдар” дейді. Олар қосылып айта жөнеледі…
— Қызық екен онысы…
— Одан да қызығы бар…
— Иә?…
Сол кезде, Балуанның нөкерлері қосылып айтқан бір әннің ішінен болатты болатқа соққандай шыңылдап, аспанға найзадай шаншылып, тыңдаушылар бұрын естімеген бір биік дауыс көтерілді де кетті… Құр ғана биік дауыс емес, мөлдір судай кіршіксіз дауыс, көктемнің даласындай сәнді дауыс, шебердің кестесіндей нақышты дауыс…
— Апыр-ау, кімнің дауысы екен? — десті, кім екенін тез білуге асыққан жұрт.
— Кененнің…
— Ол қайдан кеп қапты?…
— Балуан Шолақ кеше жіберген кісі Кененді тауып әкелгенше түн ортасы ауып кетсе керек… Балалық шағында Кенен бұйығы екен дейді. Сондықтан, келе сала Балуанның алдына жетіп бармай, көптің арасына отыра кетіпті… Арқасыз адам ән айта ала ма?.. Балуан мен нөкерлері айтқан топқа жақындай-жақындай, бір мезгілде қасына кеп қалыпты… Одан кейін өзін-өзі ұстай алмай, Балуанның ән айтқан нөкерлеріне қосыла кетіпті… Әлгі дауыс сол екен.
— Иә, сонан?…
— Ән айтылып болған соң, Балуан орнынан тұрып Кененнің қасына барады да, “е, сен келіп қалып па ең” деп, қол берген Кененді бауырына басады. “Уа, жұртым, — дейді Балуан сонан кейін, жиналған топқа, сенің бұлбұлың осы!…” “Әзірбай баласы Кенен мұның аты-жөні. Өзіңнің Дулатың бұл бала. Оның ішінде Қасқарау, оның ішінде Сати-Боти. Бірақ, бұл қалың Дулат, — сенің ғана сыбағаң емес, “шебердің қолы, шешеннің тілі ортақ” дегендей, барлық қазақтың сыбағасы. Бірақ, бүгінгі күні, бұл бала, қалың Дулат сенің әншің емес, қойшың болып жүр. Қазіргі халінің қандай екенін баланың өз әнінен, өз құлағыңмен есті. Ал, Кенен айт мына жұртыңа “Бозторғай” деген әніңді…”
Кенен “Бозторғай” әнін айтқанда, қойшы баланың ауыр халін кез алдына келтіріп, тыңдаушылар мұңайып қалады. Сонда Балуан Кененге, “енді Көкшолақ деген әніңді айт!” дейді. Кенен бұл әнін айтқанда, жұрт ішек-сілесі қатып күледі. Содан кейін Балуан: — “Міне, көрдіңдер ме, көпшілік, қойларыңның қиының арасында қандай алтын жатқанын?. Алыңдар, ол алтынды қи арасынан!… Бұдан былай тотықтырмай, жарқыратып ұстаңдар!” — деді…
Балуан Кененді өзімен бірге алып та кетпек болған екен, әрі жалдаған байы жібермейді, әрі “қартайған шағымда көзімнен таса қылмаймын” деп әкесі босатпайды. Бірақ, Балуанның айтқаны да далада қалмайды қалың Дулат Кененді айт-тойына шақырып көтереді де кетеді. Сонан кейін аруағы ұшып Дулатта Кенен қатыспаған ойын-тойдың көркі болмайды…
Ойын-тойларда өз әндерімен ғана тоқтамайды, халықтың әндерін, басқа да әншілердің, әсіресе, Балуан Шолақтың әндерін көп айтады…
Осы кезде көп адам қосылып айтқан ән естіле қалды. Оған елеңдеп ауылдағы көпшілік те, Балуан да далаға шықты. Бұл ымырт жабылып, қас қарайған кез еді. Белесті құмдардың арасында отырған ауылға үндері аспанды жаңғырта қосылып ән айтып келе жатқан көп дауыс жақындай береді.
— Кенен!… Оның нөкерлері!… — деп шуласты күткен жұрт.
— Дәл Балуан Шолақ! — деді әлдекім — Кенен өлеңдерін соның үлгісімен айтып келеді…
Кененнің әндеткен тобы ауылға кеп түскенде, төңірекке адам симай кетті.
Мұншама адамды сиғызатын ешбір үй болмағандықтан ән далада, қалың құмның арасында айтылады. Халық өзінің тамаша әншісінің кескінін көріп отырсын дегендей, ән басталар алдында ашық аспанға он төрт жасына толған ай көтерілді. Дала сүттей жарық.
Кескінін де көреміз, әнін де түгел естиміз деп, халық Кененді биік бір құм-шоқының төбесіне отырғызды. Өздері сол шоқының төбесінен төмен сорғалай етекке жайыла орналасты. Осы қалың көпшіліктің арасында төбеге жақындау тұста, белгісіз адамның бірі боп Балуан Шолақ та отырды.
Шоқының төбесіне отырған Кененнің кескіні Балуан Шолаққа жасырақ кезінде айнадан көрген ез кескіні сияқтанып кетті. Ана жылы көргенде бала пішінді Кененнің қазір сақал-мұрты да өскен және дәл Балуан Шолақтың сақал-мұртындай, мұрты ұзара қалыңдап, қаршығаның жазған қанатындай, иығына қарай қайырылып, сақалы иегіне шоқтала, бір тұтам ғана боп ескен. Маңдайы да сондай кең, қасы да сондай қою, мұрны да сондай қоңқақ… Кененнің кескінінен өз бейнесін тапқан Балуан, ішінен “менің әндерім мен өлеңдерімді айтар ма екен?. Айтса қалай айтар екен?” деп ойлады.
Жетісу ақындарының бір әдеті жиын-тойда кезіккен тыңдаушыларына әуелі өлеңмен амандасып алатын, Кенен де қоңыр дауыспен амандық-саулық айтқанда, Балуанға үні ұнағанмен өлеңі көңілін қозғарлық әсер бере алған жоқ. Кенен әнге басқанда Балуан оның кескініне қадала қарап, қатты да қалды. Ана жылы балалық лебі есетін жіңішке дауысы енді қалыңдап және тым биіктеп кеткен екен. Балуан Дулатта Сарыбас дейтін ақынды көріп еді, ол әнін айғайлап бастап, оң жақ құлағын қолымен бұрап-бұрап жіберетін, Кенен де сөйтеді екен. Бірақ бұл Сарыбастай қылғына айғайламайды, еркін шырқайды, сонда мүлтіксіз қоңыр дауысы жер-көкті жаңғыртып, кең даланы тұндырып жібереді. Балуанның бағалауынша мұндай дауыс, ол естіп жүрген үндерде, Біржан салдан басқаға біткен емес. Міне, қайда әдемі, кең және биік дауыс деп сүйсініп қояды Балуан ішінен.
Кененнің әндерін сүйсіне тыңдағанда Балуанның байқағаны — көріспеген аз жылда жас әнші бірталай ән шығарып тастапты. Бұл әндер арғымақ пен қарабайырдан туған құлын сияқтанып, кей жерінде Арқаның екпінді биік әніне де, кей жерінде Жетісудың келтелеу шұбалаңқы әніне де ұқсап кетеді екен.
Кененнің әндеріне біраз сусындап мейірі қанғандай болған қалың көпшіліктің арасынан: “Балуанның әнін, Балуанның” деген дыбыстар шықты.
— Қайдағы Балуанның? — деп сұрағандарға:
— Балуан Шолақтың жер-көкті күңіренткен әндерін естімей, құлағың керең болған біреу ме ең, — деп қасындағылар ұрсып тастады.
— Иә, Балуанның әнін, Балуанның! — деген дауыстар көбейіп кетті.
— Болсын! — деді Кенен қолын көтеріп, шуды басқысы келгендей. Шу тың бола қалды.
— Ал халқым! — деді Кенен, — өлеңнің де, әннің де мінезі мен қылығы шығарған иесіне тартатынын жақсы білесіңдер. Балуан асау мінезді, әрі қылықты адам. Оның әндері мен өлеңдері де өзіне ұқсас асқақты, екпінді келеді. Мен жұмсақ мінезді, жуас қылықты адаммын. Балуанның әндері мен өлеңдерін өзінен ауызба-ауыз үйреніп қалғаным рас. Бірақ, мен ол шығарған әндер мен өлеңдердің ырғағын келтіргенмен, екпінін келтіре алмаймын. Балуанның әндерін естігендерің де, естімегендерің де бар болар. Естімегендеріңе оқасы жоқ. Ал, естігендеріңе Балуан дегенің оның киімін киген Кенен болып шықса, сөге көрмеңдер!…
— Оны тыңдай көрейік — десті жұрт. Балуанның әнін естуге құмартқандар, Кененнің аузына төне қалды.
— Мен Балуанның он екі әнін айтам — деді Кенен домбырасын күйлеп алғаннан кейін.
— Ал, тыңдадық! — деп гу еткен дауыс тез тына қалды. Кенен әуелі Балуанның бозбала шағында шығарған “Ыңғай төк”, “Дікілдек”, “Сегіз келін” сияқты жас жігіттің жан гүліндей жайнаған әдемі әндерін өте нақыштандырып айтып берді. Бір кезде бұл әндерді өзі де осылай айтатын Балуан, албырт жастықтың адуынды мінезімен егде тартқан шағында ұялғандай, басын төмен түсіріп, бүгежектей тыңдады… “Дікілдектің” аяғындағы:

Атандым жастайымнан “Шолақ” дәу деп,
Бұл дүние кім ойлаған шолақ-ау деп,
Мал-мүлік пен байлықты тәрк етпеймін,
“Артымда ақыр бір күн қалады-ау” деп…, деген сөздерін айтқанда, Балуан қасындағыларға сездірмей күрсініп қойды. “Қос барабан” деген әні, әсіресе, ол әннің:

Көкшетауым,
Күнде жауын.
Сексен көл айдын шалқар,
Қайран ауылым!
деген қайырмасы айтылғанда, Балуан қаттырақ күрсініп қалып, маңындағыларға дыбысын естіртіп алды. Ол қасындағылардың:
— Не болды сонша ауыр күрсініп? — деген сұрауына жауап берген жоқ…
Жетісуға келе, алыста қалып аңсаған Ғалиясына арнап, “Сұрша қыз” деген ән шығарған еді. Кенен сол әнді де шырқап, қайырмасындағы:

Сөйтіп жүрген сұрша қыз,
Көкшетауда қалдың-ау,
Ау – ай сұрша қыз,
Енді есен бол-әй!
– деген сөздерді айтқанда, Балуанның көзінен жас ыршып кетті. Егер Кенен бұл әннен кейін Балуанның қайрат-жігеріне арналған “Құлан кісінес” аталатын екпінді әнін, одан кейін “Қос перне” аталатын соған ағайын әнін елірте айтып жібермесе, Балуан қасындағыларға жылауын да сездіріп алар еді. Айғырдың арқырауы сияқты “Құлан кісінес” пен домбыраның екі ішегін бірдей сөйлетіп, әуелі қоңыр басталғанымен, арты шырқап биікке шығатын, тынысы мол, ырғағы көп “Қос перне” айтылғанда, батырлық қалпына келгендей Балуан сергіп кетті. Соңғы әннің:

Өз атым әкем қойған Нұрмағамбет,
Халқымнан көріп жүрмін қадыр-құрмет.
Бас қосқан оязнайдың съезінде,
Көтердім кірдің тасын елу бір пұт!… деген сөздері айтылғанда, “пау шіркін!” деп көтермелегендерге дауысын қалай қосқанын Балуан аңғармай да қалды. “Желдірме” аталатын желіге айтылатын термелі әнге тіпті желіге бастаған Балуанның көңілі, “Жай қоңыр” аталатын баяу ырғақты әннің:

Салайын “Жай қоңырға” жәйіменен,
Барады өтіп өмір айыменен, – деген сөздері басталғанда, тағы да бәсеңси қалды. Өмірінің өтіп бара жатқаны есіне түсті. Осы ойын қалыңдата түскісі келгендей, Кенен Балуанның өмір жолы туралы шығарған “Өтетін өмір” атты термесін төпеп кетті:

Бір жасқа жеткенімше құндақтайсың,
Екіде тек былдырлап тіл қатпайсың.
Бес жаста безіп үйден, тал ат мініп,
Он жаста жарда ойнаған лақтайсың.
Келгенде жиырмаға сазда есетін,
Балауса бейне балғын құрақтайсың.
Отызда ор қояндай аспанға атып,
Қырқыңда мүшеленген құр аттайсың.
Елуде ақыл-ойың тегіс толып,
Төскейден сарқыраған бұлақтайсың.
Алпыста бар асылың түгел жайнап,
Маңыңа сәуле шашқан шырақтайсың.
Жетпісте тұра берсең жер таянып,
Жарыңнан Құдай қосқан жырақтайсың.
Сексенде буындарың діріл қағып,
Болдырған арық аттай бұрақтайсың.
Тоқсанда өлсең де өлдің, өлмесең де,
Сұм дүние енді кімге тұрақтайсың?…
Бұл сөздеріне тағы да тұнжырай қалған Балуанның құлағына кейінгі кезде шығарған “Кенже қоңыр” деген әні естілді.
Бір аты әндерімнің “Кенже қоңыр”, Тең болмас арғымақ пен қара шобыр, Армансыз Үйсін, Дулат араладым, Кеп жатып бір ауылды етпей ығыр. Әнімнің әркім құмар мақамына, Кей жігіт қарап отыр тұтамына. Сайраған Сарыарқаның бұлбұлы едім, Жетісу қонақтадым бұтағыңа…
Осымен Балуан Шолақтың он екі әні бітіп те қалды білем, — деді Кенен жұртқа қарап.
— Он бір-ақ — деді санап отырған біреу.
— Қайсысын қалдырып кеттім екен сонда? — деді Кенен.
— Кәне аттарын аташы, санайық — деп көпшілік пен Кенен айтылған әндерді санай бастағанда, Балуан отырған биігінен төменге сырғып түсті де, шылбырынан сексеуілге байлап қаңтарған атына қарай кетті.
— Несіне отырамын — деген ой келді оған, — менің ойымдағы сырдың бәрін де Кенен халыққа айтып берді. Енді несіне көрінемін ол халыққа?… Босқа шулату үшін бе?… Кімге қажет ол шу?… Қой онан да осы белгісіз бетіммен кете берейін!
Ол аттанып жүре бергенде, манағы жоғалған әнін тауып алған Кененнің биік дауысы аспанға көтеріле берді.
Балуан ұзаған сайын ән биіктей берді. Жетісуда қалып бара жатқан Кенен, оған өз бейнесі сияқтанып кетті. Қайтып оралмаймын деп бара жатқан Балуанға, елде өз көзіндей көретін мұрагері қалуы оның қуанышын теңіздей тасқындатты. Кеудесіне симаған бұл тасқын Балуанның көзінен жас боп сорғалады…

«Балуан Шолақ» повесінен

Leave A Reply

Your email address will not be published.