2023 жылғы 3 наурыздан бастап елімізде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі — Заң) қолданыста.
Заң жеке тұлғалардың қарызымен байланысты мәселелерді шешу үшін 3 рәсім ұсынады: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Соттан тыс банкроттық рәсімін банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар 1 600 АЕК кем болғанда қолдануға болады (борыш 5,9 млн.теңгеден аспайды). Өтініш ХҚКО-да, eGov.kz электрондық үкімет порталы, сондай-ақ e-Salyq Azamat және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы беріледі.
Рәсім 6 айға созылады, ол аяқталғаннан кейін банкроттың міндеттемелері тоқтатылуға жатады.
Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 29,6 млрд. сомаға 13 384 азамат банкрот деп танылды, 6 612 азаматқа қатысты рәсім жүргізілуде.
Сот арқылы банкроттық рәсімін азаматтар егер банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы борышы 1600 АЕК-тен асса немесе сомасына қарамастан өзге де борыштар бойынша, сондай-ақ мүлкі болған кезде қолдана алады.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі сотта қарыздарды бөліп төлеу мүмкіндігін (5 жылға дейін) алуды көздейді. Бұл рәсімнің артықшылығы — одан кейін адамға «банкрот» мәртебесі берілмейді, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.