1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Орталық саябақта мерекелік концерт өтті. Бұл күні саябаққа жиналған халықтың қарасы қалың болды, әсіресе жүздері бал-бұл жанған балақайлар уақытты көңілді өткізгендері сөзсіз.
Сахнаға шыққан өнерлі өрендер ән мен биден шашу шашса, ертегі кейіпкерлері мен аниматорлар балаларға түрлі қызықты ойындар ойнатты. Жыл сайынғы дәстүр бойынша бүлдіршіндерге тегін балмұздақ та таратылды.
Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы мерекелік шаралар ұйымдастырды. Мәселен, орталық саябақта Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы орталығы және аудандық жастар орталығының ұйымдастыруымен «Бар мейірім балаға» атты ертеңгілік өтті. Шара барысында кітапхана қызметкерлері ертегі кейіпкерлерін сомдап, қуыршақ театры «Аю мен маса» ертегісінің қойылымын көрсетті. Балалар асфальтқа сурет салып, дипломдармен марапатталды. Соңында демеушілердің көмегімен сыйлықтар мен балмұздақтар таратылды.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі үкіметтік емес ұйымдардармен бірігіп ерекше балаларға арнап мереке ұйымдастырды.
Мерекелік шарада аудан прокуратурасының және Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорынының демеушілігімен мүгедектігі бар балаларға сыйлықтар табыс етілді.
Дәл осындай мереке Цемзавод ықшам ауданында «Қордай ауылдық мәдениет үйі» алаңында да өтті. Шарада сөз алған ауылдық округ әкімі Әділет Қаспақбаев жиналған жұртшылыққа жылы лебізін жеткізіп, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.