Қордай ауданына жұмыс сапарымен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келіп, Қайнар ауылындағы 3800 гектар алқапқа су жеткізу мүмкіндігін ұлғайту үшін тартылатын қысымды су құбырын салу жұмыстарымен танысты. Бұл мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен 2 миллиардтан астам қаражат қарастырылған болатын.
Құрылыс орнында министрмен бірге Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы мен құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «ТаразСтрой2004» ЖШС өкілдері болды.
Ауыл маңындағы 3800 алқапқа жеткілікті су жеткізу үшін қолға алынған жұмыстар барысында мердігер жер астымен 8 шақырым жерге арнайы трубаларды төсеп шыққан, сол трубалар бойынша алқаптарға үш күшті насос су айдайтын болады. Ал, төртінші насос қосымша резервте болады. Мердігерлер және жауапты тұлғалармен сөйлескен Нұржан Молдиярұлы осы жоба арқылы су алатын шаруалар судан тарылмас үшін қазірден жұмысты жандандырып, қаржыны тиімді игеру бойынша да жүйелі жұмыстарды қолға алу қажеттігін айтты. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мердігерлер және жауапты мамандарға сапа мен мерзімге мән беру қажеттігін алға тартып, бірқатар ұсыныстары мен ескертулерін айтты.
Қазіргі жұмыс барысына тоқталар болсақ, құрылыс нысаны 2025 жылға өтпелі болып отыр, биылғы жылға бөлінген қаржы толығымен игерілген. Қазір су сорғы станцияларынан кейін негізгі арнаға су құю үшін полиэтиленнен жасалған алып трубалар 8 шақырымға жер астымен толығымен жүргізіліп, аванкамера да орнатылған. Жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары 75 пайызға атқарылған. Барлығы ойдағыдай іске асса, насос станциясының қуаттылығы жылына 5 млн.м3 болады, деп күтілуде.
Нысандағы барлық жұмыстар министрлік тарапынан қатаң бақылауда тұрғанын айтқан Нұржан Нұржігітов бұл жобаның маңыздылығы жайында айтып, мердігер компания өкілдеріне келесі жылғы суармалы науқанға дейін аталмыш нысанды толығымен аяқтау қажеттігін ескертті.
Ж.ОМАРОВ