Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің дамуы басқарушылық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуін талап етеді. Осы орайда, Қордай ауданының білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен «Білім берудегі менеджмент» тақырыбындағы біліктілік арттыру курсына қатысып, өз кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруде.
Курс мақсаты – білім беру ұйымын басқарудағы заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеру, стратегиялық жоспарлау, көшбасшылық, өзгерістерді тиімді басқару және педагогикалық процестің сапасын арттыруға бағытталған тың көзқарасты қалыптастыру.
Курс барысында тыңдаушылар:
- Білім беру ұйымының миссиясы мен даму стратегиясын құрудың тиімді жолдарын;
- Командалық жұмысты ұйымдастыру мен мотивациялық менеджменттің тетіктерін;
- Нәтижеге бағытталған жоспарлау және деректерге негізделген шешім қабылдау әдістерін;
- Қоғаммен байланыс орнату және білім сапасын ішкі бағалау жүйесін енгізу мәселелерін тереңірек меңгерді.
Оқыту тренинг, кейс-талдау, практикалық тапсырмалар арқылы интерактивті форматта өтуде. Қатысушылар нақты басқарушылық жағдайларды талдау арқылы тәжірибелерін жаңартып, кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Бұл курстың тағы бір маңыздылығы – басқару тәжірибесін жетілдіру арқылы ұйымішілік ахуалды жақсарту, мұғалімдердің шығармашылығын қолдау және білім сапасын арттыру бағытындағы басшы ретіндегі рөлді терең түсіну.
Қорытындысында қатысушылар алған білімдері мен дағдыларын өз мекемелерінде қолданып, заманауи білім беру талаптарына сай басқарушылық қызметті одан әрі нәтижелі жүргізетініне сенім мол.
Білім сапасы – тиімді басқарудан басталады. Ал білікті басшы – сол сапаның кепілі. Осындай мазмұнды курстар білім беру саласында көшбасшылықты қалыптастырып, жаңа серпін берері анық.
С.КАРЫМБАЕВА, «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының кафедра меңгерушісі