БАС БАСЫЛЫМДА ӨЗІНДІК ҚОЛТАҢБАСЫ ҚАЛДЫ

0

Туған жердің шежіресіне айналған ауданымыздың бас басылымы – «Қордай шамшырағы» газетіне  90 жыл. Осынау жылдар ішінде ол аймақ халқының сырласы мен мұңдасы болғаны рас. Ғасырға жуық тарихы бар аудандық газетте небір қаламы ұшқыр, пайымы терең, танымды тұлғалар қызмет етті. Бүгінгі тілшілер қауымы сол ұстаздары салып кеткен сара жолмен, өздеріне жүктелген жауапкершілігі зор міндетті атқарып, қордайлықтарды тың жаңалықтармен ақпараттандырып келеді.

Аудан баспасөзінің қара шаңырағында қызмет етіп, өзіндік ізін қалдырған-дардың бірі – Жақан Сатаев. Ол 1937 жылдың 4 сәуірінде Қордай ауданы, бұрынғы Кеңес, қазіргі Өтеген ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің «журналистика» факультетін бітірген. Өзінің еңбек жолын 1958 жылы «Қордай шамшырағы» газетінде бастаған.  Сондай-ақ «Шу» өңірі газетінде жұмыс істеген. 1968 жылдан бастап «Еңбек туы» газетінде Жамбыл облысының Қордай ауданындағы меншікті тілшісі, содан соң көп жылдар бойы осы газеттің «Мәдениет және тұрмыс» бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.

1975 жылдың басында Қазақстан ССР-інің Баспа Полиграфия және Кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы болып жұмыс істеді. Осы жылдар ішінде Жақан Бекқожаұлы баспа ісін дамытуға елеулі үлес қосты. Ол ұзақ уақыт бойы мемлекеттік комитеттің бастауыш партия ұйымының жетекшісі болып жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты.

1986 жылы республикалық «Қазақстан» баспасына қарасты «Қазақ календары» редакциясында бас редактор болды. 1990 жылы басқа қызметке ауысып, Қазақ ССР Ғылым академиясының «Ғылым» бас-пасында бөлім басшысы, содан соң Қазақ ССР-нің Ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының баспасында бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарған. 1992 жылы Қазақ ССР Жоғарғы сотына ауысып, 1997 жылға дейін Жоғарғы сотта аға консультант болып қызмет етті.

1997 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанына қарамастан жұмыстан қол үзген жоқ.  1997 жылы ол «Халықаралық құқық және нарық» академиясында бөлім басшысы болып еңбек етті.

Есімі журналистика саласына етене таныс Жақан Бекқожаұлы бірнеше кітаптардың авторы, оның қаламынан шыққан «Көкорай» (1977ж), «Құйын» (1978ж), «Алакөбең» (1981ж), «Күн астындағы қазына» (1987ж), «Бескелтірдің моншасы» (2002ж) атты роман, повестері төл әдебиетімізде өзіндік көркемдігімен, нақышты бояумен ерекшеленіп, қалың оқырман көңілінен шыққан. Сонымен бірге аударма ісімен де көп шұғылданды. Кезінде Кенесары Қасымұлы туралы повесті жарыққа шығарды. А.Унит және басқалардың да шығармаларын аударды.

Көпке сыйлы азамат отбасында қамқор әке, адал жар бола білді. Жұбайы Жамал Ізбасарова екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың әрқайсысы бүгінде өз орнын тауып, түрлі салада қызмет етуде. Құдай қосқан жары Жамал Ізбасарова да баспасөзден алыс кетпеді. Ол ұзақ жылдар аудан баспаханасында теруші болып жұмыс істеді. Отағасының жазған кітаптарының барлығы осы кісінің қолынан өткен екен.

Шерхан Мұртазаның сөзімен айтсақ, «жегені жантақ, арқалағаны алтын» болып келетін атан түйенің тірлігіне ұқсас қалам иелері әдетте жоғарыдан көп марапатты дәмете бермейді. Дегенмен, Жақан Сатаев әрдайым абырой биігінен көрініп, бірқатар марапат, грамоталардың иесі болған, көзі тірісінде «Қоғам қайраткері» деген атақ алған. 2012 жылы бақилық сапарға аттанды.

Өмірде қарапайымдылығымен, кісілік келбетімен айналасына жақсылықтың нұрын шашып тұратын адамдар болады. Замандастарының, жақындарының айтуынша Жақан Бекқожаұлы дәл сондай жан болған. Әртүрлі қызметтер атқарса да, оның ақкөңіл мінезі, дарқан пейілі ешқашан өзгерген емес дейді туыстары. Қаламы мұқалуды білмеген қарымды журналист үшін ең басты марапат – оқырманының оң бағасы, көпшіліктің бір ауыз жылы сөзі болды. Жақан Сатаев бұл жағынан кенде қалып көрген емес.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.