«БАСТАУ БИЗНЕС» БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ

0

Ауданда «Бастау бизнес» жобасы аясында мемлекеттен жеңілдетілген несие және қайтарымсыз грантқа ие болып отырған қордайлықтар жетерлік. Алайда, коронавирус пандемиясыны байланысты салада бірқатар өзгеріс орын алды. Сол себепті біз Қордай ауданында «Бастау бизнес» жобасының үйлестірушісі Мадина Ошановамен кездесіп, оқу процесіне енгізілген жаңалықтар жайында білдік.

-«Бастау бизнес» жобасының ауданда іске асырылғанына біраз уақыт болды. Биылғы форс-мажорлық жағдайға байланысты оқыту қалай ұйымдастырылды?

-Карантиннің енгізілуіне байланысты тыңдаушыларды қашықтықтан оқытуға тура келді. Осыған орай қашықтықтан оқыту мәселесін шешу және тіркелуді жеңілдету үшін «Атамекен академия» онлайн-жобасы әзірленді. Қазір тыңдаушыларымыз интернет арқылы қашықтықтан оқуға көшкен.

-Жоба бойынша оқуға ниетті азаматтар қалай тіркеледі?

-Тіркелу мәселесіне қатысты бірқатар өзгерістер орын алған. Оқуға ниеті бар азамат аудан әкімдігінің жұмыспен қамту орталығына барып, мамандардан жолдама алады. Содан кейін бізге келеді, біз барлығын түсіндіріп, тіркелу бойынша көмек береміз. Кезек келгенде азамат «Атамекен академия» жүйесіне қосылып, үйде отырып оқиды. Барлығы автоматтандырылған. Оқу мерзімі 20 күн. Қалауынша оқытуды жылдамдатуға болады. Ең бастысы материалды игеру. Себебі оқу аяқталғаннан кейін онлайн-тестілеуден өтіп, бизнес-тренердің көмегімен бизнес-жоспар жазып, оны қорғау керек. Бұдан дайындықсыз өту қиын екені белгілі.

-Оқытудың жаңа әдістемесін енгізгенде қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?

-Адамдардың көбісі компьютерді жетік білмейді, сондықтан бұл мәселе үлкен қиындық туғызып отыр. Порталға кіру, тіркелу сынды жәйттерді түсіндіріп, көмектесу көп уақыт алады. Тыңдаушылардың көбі видеодәрістерді қолдана алмайды. Мұның бәрін түсіндіріп, жеткізу қажет.

-Биыл оқыту қашан басталды және қанша адам оқып үлгерді?

-Сабақ 15 маусым күні басталды, қазіргі таңда 105 адам оқуды аяқтады, 70 адам оқуын жалғастыруда. Көбісі гранттық өтеусіз қаржыландыруға өтінім тапсырып қойды.

-Гранттық қаржыландыруға келер болсақ, мемлекеттік қолдаудың осы түрі көпшілікке мәлім. Биылғы жылға қанша грант бөлінді? Көбінесе қандай мақсатқа алынады?

-Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан 180 грант ойнатылған, осы аптада 210 грант ойнатылады, барлығы 390 грант. Былтыр қордайлықтар 416 грантты иеленді. Грант сомасы 200 АЕК немесе 500 мыңнан астам теңге. Негізінен грантты мал алуға немесе мал шаруашылығын дамытуға алады. Айта кетсек, халықты жұмыспен қамту орталығы тағы 194 грант алуға өтінім берген. Бұл өтінім мақұлданса, қордайлықтардың қосымша грант алу мүмкіндігі пайда болады.

-Демек, жоба ешқандай жағдайға қарамастан жұмысын жалғастыруда.

-Иә, жоба қарқынды түрде іске асырылуда. Ниет білдірген азаматтар саны көп. Бұл жобаға әлі де қызығушылық танытып отырған жерлестеріміз бар.

-Сұхбатыңызға рақмет!

 

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.