23 қаңтарда аудан әкімі Бегзат Болатбековтың тұрғындармен кездесуі Қаракемер ауылдық округінде жалғасты. Құрамына Керу ауылы кіретін іргелі елді мекенде бір жылда атқарылған жұмыстар аз емес. Биылғы жылға да толайым жұмыстар мен ауқымды жоспарлар бар.
Тұрғындармен кездесу алдында аудан басшысы Қаракемерде «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты. Айта кетер болсақ, аталмыш жоба аясында ауданымызда бой көтеріп жатқан алғашқы білім ошағы.
Бүгінде қабырғалары көтеріліп, төбесі толығымен жабылған, ішкі және сытқы әрлеу жұмыстары да соңына таяп қалған мектептің қазіргі жағдайы туралы мамандар мен мердігер компания өкілдері баян етті. Бүгінгі күні 60 пайыз жұмыстары аяқталған білім ошағы кілтін маусым айына дейін ұсынамыз деген, құрылысшыларға аудан басшысы сәттілік тіледі.
Сонымен, тұрғындар кездесуіне оралсақ. Ауыл мектебінде болған жүздесу округ әкімі Рашид Алыбаевтың бір жылда атқарған жұмысы туралы баяндамасынан бастау алды. Тұрғындарды жұмыспен қамту, ауылға инвестиция тарту, тазалық жүргізу және өзге де атқарылған жұмыстар жайына тоқталған Р.Алыбаев баяндамасынан кейін аудан басшысы биылғы жылға жалпы округ бойынша қолға алынатын жоспарларға тоқталды.
Бегзат Сейсенқұлұлы жаз айларына дейін аяқталуы тиіс жаңа мектеп жайын сөз етіп, биыл Қаракемер балалары жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайтындығын айтты. Сонымен қатар, осыған дейін жалпы тұрғындар үнемі көтеріп келген, өзекті қалпын сақтап тұрған Қаракемер-Керу арасын жалғап жатқан 18 шақырымдық жолға биыл жөндеу жұмыстары басталмақ. Қазір оған аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып та қойған. Сондай-ақ, бірқатар ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жасалып, Керу ауылына газ тарту жұмысы соңына шықпақ. Тұрғындар тілегі ретінде айтылып келген жаңа мәдениет үйін салу бойынша да аудандық әкімдік тарапынан сметасы жасалыпты. Жалпы құны 835 миллион теңге болатын жаңа мәдениет ошағына қажет қаржы алу үшін облысқа бюджетік тапсырыс берілген. Қолдау тауып жатса көп ұзамай Қаракемерде жаңа құрылыс басталмақ.
Осылармен бірге Бегзат Болатбеков жауапты мамандарға мектеп пен спорт кешені қазандықтарын газға ауыстыру бойынша тапсырма берді. Осы орайда айта кетерлігі, белгілі кәсіпкер, меценат Қайрат Молдасейітовтың қолдауымен Қаракемерде бой көтерген спорттық нысандар мемлекет меншігіне өтіпті. Енді онда қосымша жұмыс орындары ашылмақ.
Ал тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар ауыл жанынан өтетін канал бойындағы бірқатар учаскелерді бекемдеу, электр бағаналарын орнату, ауыл саябағын жандандыру, ауылішілік көшелерге жол белгілерін қою жайында болды.
«Баршаңыға белгілі, өткен жылы Қаракемер ауылдық округі облыста-ғы таза ауылдар ішінде үздіктер қатарына еніп, қомақты қаржыға ие болған. Ол қаржы ауыл бюджетіне түсетін болады. Оны ақылдаса келе ауыл саябағын жөндеуге жұмсайсыздар ма, ол өз еріктеріңізде. Жаңа көшеге жаңа электр бағандар қою ауылдың бас жоспары бекітілгеннен кейін анықталатын болады. Ал, жол белгілері ауылішілік көшелер жөнделгенде орнатылады», — деді аудан басшысы.
Тіпті Қаракемердегі бір жол айырығына бағдаршам да орнатылмақ екен.
«Сіздермен әр кездесуіміз жаңа жоспалар құрып, алға нақты мақсаттар қоюымызға сеп болады. Ал, беретін уәделеріміз әбден салмақтанып, сараланған уәде. Сондықтан, әр жұмысымызға мұқият қараймыз. Сол үшін де рет-ретімен бірқатар оңды істер атқарылуда. Былтыр Қаракемерде оңды істер көп болды. Жалпы, аталмыш округте қайрымды, туған жеріне жанашыр жандар көп. Сол азаматтарға да айтар алғысымыз шексіз», — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.