БАСТЫ МАҚСАТ – МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ

0

Сенбі күні аудан әкімдігінде аудан прокуроры Бірлік Ізбасаровтың басшылығымен жиын өтті. Жиынға аудан әкімдігі, прокуратура, полиция, мемлекеттік кірістер басқармасы, шекара қызметінің басшылығы мен жауапты қызметкерлері және ауыл әкімдері қатысты. Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе қаралды.
Алғашқы сөзді аудан прокурорының орынбасары Қайсар Бекмұратов алды. Атқарған жұмысы жайлы баяндама барысында аудан бойынша жасалған қылмыс пен шығарылған үкімдер жайлы айтылды. Баяндама барысында аталған маңызды мәселелердің бірі шекараға қатысты болды. Ауданымыз шекаралық аумақ болғандықтан заңсыз шекарадан өту, контрабанда өткізу секілді мәселелер туындайтыны заңдылық. Осы орайда шекарашылардың жұмысының тиімділігін арттыру үшін шекара аумағындағы территорияларды шекара қызметінің қарауына беру, сол арқылы заңбұзушылардың жолын қиындату мәселесі талқыланды. Осы орайда шекара қызметі мен жергілікті атқарушы органдар арасында өзара үйлесімділік мәселесі көтерілді. «Мемлекеттік мүддені қорғау біздің басты міндетіміз. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар осы мақсатта жұмыс жасауы тиіс. Біздің жұмысымыз еліміздің қауіпсіз-дігін арттыруы тиіс», — деді аудан прокуроры. Жалпы аудан бойынша 100 метрлік шекаралық белдеуде Заңға қайшы 84 ғимараты бар жеке меншіктегі жер учаскелері бар екендігі анықталған. Сондықтан оларға инвентаризация жасау мәселесі көтерілді. Сонымен бірге, шекара Шу өзенімен өткендіктен шекараны жылда су шаю мәселесі де қаралды. Судың көтерілу салдарынан инженерлік құрылғыларды су шайып зақымдануда. Жиын барысында өзен арнасын бекітуге қаражат қарастыру мәселесі көтерілді. Одан бөлек шекара маңында ақпараттық белгілерді орнату, көлеңкелі экономика, заңсыз шекарадан тауар тасу мәселесі талқыланды. Тағы бір талқыланған сұрақтардың қатарында көші-қон мәселесі болды. Көші-қон заңдылығын бұзу, жауапты тұлғалардың жұмыстағы кемшіліктері туралы айтылды. Қазіргі таңдағы жанармай тасу мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл бойынша аудан прокуроры нақты ұсыныстар берді. Күн тәртібіндегі тағы бір сұрақ – кәмелеттік жасқа толмағандармен және оларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтарды алдын алу бойынша өткізілген мекемеаралық мәжіліс хаттамаларының орындалуы туралы болды. Бұл салаға қатысты да прокуратура өкілдері біраз кемшіліктерді атап өтті. Бірлік Ізбасаров осы орайда тиісті жауапты тұлғаларға сын-ескертпелерін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.