Аудан бойынша бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың — ұнның бірінші сұрыптысы, рожки және сұйық май бағасының өсуі байқалуда. Осыған байланысты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және негізсіз қымбаттаудың алдын алу мақсатында аудан әкімі Бегзат Болатбеков «Флагман» сауда үйіне арнайы
барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Мониторинг барысында аудан әкімі сауда нүктесіндегі ұн, рожки, сұйық май, күріш және қарақұмық сынды әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасының өскенін байқап, сауда орны басшылығына ескерту жасады. Сондай-ақ тұрғындарға қолжетімді баға ұсыну мақсатында жергілікті сауда орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.
Бегзат Сейсенқұлұлының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз өсіру анықталған жағдайда, облыстық баға тұрақтылығын қадағалайтын департаментке «Е-otinish» мемлекеттік органдарға өтініш беру платформасы арқылы арнайы арыз жолданады.
Сонымен қатар аудан басшысы жауапты мамандарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу жөнінде тапсырма берді.
Алдағы уақытта дәл осындай мониторинг жұмыстары ауданның өзге сауда орындары мен базарларында да ұйымдастырылатын болады.