Басты назарда – ШЕКАРА

0

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мәден Мұсаевтың, құқық қорғау органдары мен шекара қызметі басшыларының және ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен жиын өтті.
Кездесу барысында аудан әкімі ауыл тұрғындарының шекарадағы кептеліске шағымданғанын айтып, бұл мәселе басқосудың негізгі себебі болғанын алға тартты. Мәселен, екі ел арасындағы бензин бағасының айырмашылығын пайдаланған азаматтар автокөлік бактарына жанармай құйып, оны көрші елге тасымалдайды. Мұның салдарынан шекара бекеттерінде ұзын-сонар кептеліс пайда болып, азаматтар бекеттерде бірнеше сағаттан тұруға мәжбүр. Осы орайда, аудан әкімі шекара қызметкерлеріне сұрақ қойды. Шекара басқармасының командирі М.Сариевтың айтуынша, жүргізушілер көлігің багын толтырып мемлекет аумағынан шығуға, оған қоса 20 литр бензині бар сыйымдылық алып өтуге құқылы. Сол себепті оларға шара қолдану мүмкін емес. Ал, тиісті талаптарды бұзып, көбірек жанармай алып шығу мақсатында қосымша бак жалғаған жүргізушілерге шекарашылар қатаң шара қолдануда. Жиын барысында бұл мәселе қызу талқыланып, қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Мысалы, ЖЖЕ бұзудың алдын алу мақсатында өткізу бекеттерінің кіреберісіне арнайы қоршаулар орнату бойынша ұсыныс айтылды. Бұл жағдай кептелісте тұрғандар арасындағы тәртіпті сақтауға, артық дау-дамайдың алдын алуға септігін тигізетіні анық. Сонымен қатар, Мәден Мұсаев өткізу бекеттерінің алдына полиция қызметкерлерін қою, бейнебақылау камераларын орнату сынды ұсынысты алға тартты. Оған қоса өткізу пункттеріне іргелес ауылдарда ақсақалдар мен ауылдың беделді азаматтарының қатысуымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылып, алдағы уақытта жүргізушілерді шекарадан күніне бір мәрте өткізу мәселесі қаралатын болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.