БАСТЫ ШАРТ – ГИППОКРАТ АНТЫНА АДАЛ БОЛУ

0

Елімізде жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл мереке медицина қызметкерлері қауымы үшін ғана емес, біздің мемлекетіміз үшін де ерекше мейрам екені даусыз. Аталған саланың мамандарына деген біздің көзқарасымызды түбегейлі өзгертуіміз қажет. Себебі бұл қызмет адамның ауырмай-сырқамай өмір сүруінде аса маңызды рөл атқарады. Ханды да, қараны да, баланы да, дананы да емдейтін осы аяулы абзал жандардың қолы. Осы орайда ауданымыздың орталық ауруханасының хирургия бөлімшесінің хирург дәрігері Эльдар Хазиевтан сұхбат алудың реті келді.

— Эльдар Бекпашаұлы, жалпы еңбек жолыңыз, медицина саласына алғашқы қадамыңыз турасында айтып өтсеңіз…

— 2001 жылы Ахунбаев атындағы Қырғыз медициналық академиясына оқуға қабылданып, 2007 жылы академияны, 2009 жылы ординатурасын аяқтап шықтым. 8 жылдық кәсіби білім алған соң, алғашқы еңбек жолымды 2011 жылы Қордай аудандық орталық ауруханасында дәрігер-реаниматолог ретінде бастадым. Арада 2 жылдан астам уақыт өткен соң, хирургия бөлімшесіне хирург дәрігері ретінде ауыстым. Қазір бірінші дәрежелі дәрігермін.

-Сіздің жұмысыңыз өте күрделі әрі қиындыққа толы екенін білеміз. Жалпы хируг жұмысы жайында тарқатып берсеңіз… 

-Әрине, ауыр хәлдегі науқастар, соның ішінде жол көлік апатына ұшыраған адамдар түсіп жатады. Сондықтан өте қиын. Денсаулығына араша түсіп, қолымыздан келген жәрдемді аямаймыз. Адамдарға қол ұшын созуды, сырқатынан айығуға жәрдемдесуді игілікті іс деп санаймын. Өз жасаған таңдауым ұнайды.

-Медицина саласында жемісті жұмыс істеу үшін адам бойына қандай ерекше қасиеттер керек?

-Бірінші кезекте мамандығын жанын салып сүю керек. Науқастардың денсаулығына алаңдаушылық таныта отырып, әрбірімен жеке қарым-қатынас орната білу қажет. Мәселен менің жұмыс күнім ең әуелі таңертеңгілік жиналыстан бастау алады. Ол шамамен жарты сағаттық уақытқа созылады. Кезекті міндеттерімнің бірі науқастардың денсаулық жағдайларымен таныс болу үшін, бөлімшені аралап тексеріп шығамын. Хирург дәрігері болғандықтан, ауыр халдегі науқастарды қажеттілігіне қарай ота жасау, жара орындарын таңу, талдамаларымен танысып, тиісті ем шараларын жасау негізгі міндеттеріме кіреді.

-Егер адамның дәрігер болуға өзіне сенімі болмаса, тәуекел етіп көруіне бола ма?

-Жоқ. Медициналық оқу орындарына тапсырмастан бұрын барлығын жақсылап ой сүзгісінен өткізуі қажет. Біздің саламызда қандай мамандықты арқаласа да, жауапкершілікпен қарау, күйзеліс жағдайларына төзімділік, қас қағым сәттер арасында тиісті шешім шығару басты назарда.

-Медицина қызметкерлері күні мерекесіне орай, ұжымдастарыңызбен өзге де әріптестеріңізге айтар тілегіңіз?

-Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын сенімділікті сақтайтын, барша әріптестерімнің отбасыларына береке, еңбекте табыс, төзімділікпен күш қайрат тілеймін.

-Әңгімеңізге рахмет.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.