Сейсенбі күні аудан әкімдігінде қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жетекшілік етіп, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және аумақтық мекеме басшылары қатысты.
Бірінші кезекте комиссия отырысында ауданның криминогендік ахуалы басты назарға алынды. Тәртіпсіздіктің кез-келген түрін болдырмау, құқықбұзушылықты алдын алу мақсатында тер төгіп жүрген аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Елдос Бекқұловтың баяндамасын тыңдаған жиынға қатысушылар өздерінің сұрақтарын қоя бастады. Олар жол жүру қозғалысы, қылмыс, есірткі бизнесі, салынған айыппұлдар жайында мәселелерді көтерді. Әр сұрақ бойынша егжей-тегжейлі жауап берген Елдос Бекқұлов «жоспар құрылған, жұмысты жандандырамыз» деп жеткізді. Тәртіп сақшысына біршама міндет жүктеген аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы жұмыстағы кемшіліктерді жойып, жиында сөз болған өзге де мәселелерді бір жақты ету керек деген нұсқама берді.
Отырыста сонымен қатар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағадарламалар бөлімі басшысының орынбасары Л.Мінісқұлованың және Масанчи ауылдық округінің әкімі Х.Буларовтың баяндамалары тыңдалды.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия жауапты тұлғаларға нақты ұсынымдар мен тапсырмалар берді.