Бата арқалаған батырлар

0

«Болар бала он бесінде баспын дейді, болмас бала қырық бесте жаспын дейді» демекші, Арал ауылындағы Санжар Асфендияров атындағы негізгі мектептің 7-ші сынып оқушылары Мақсат Шалабаев, Бейбіт Берекет және Санжар Сұлтанбектің мұқтаж жандарға көрсетіп жүрген жәрдемі жайлы ойламаған жерден естіп қалдық.

-Оларды нағыз батырлар десе болады, — деді бірде редакцияға келген Арал ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Құтлыбике Зарипбаева. – Неге десеңіз, ешкімге айтқызбастан, ауылдағы жарымжан жандардың үйіне барып, балалық көмегін көрсетіп жүр. Мәселен, жақында үшеуі еш қиналмастан төрт тонна көмірді тасып берді. Бұл әлгі үйдегі ағалы-қарындасты Тайыр мен Күлсін үшін көп көмек қой. Балаларға әрдайым бата беріп отырамын.

Расында, Арал ауылындағы қос мүгедек жайлы көпшілік жақсы біледі. Біздің газет те бірнеше мәрте жазған. Жасы алпыстан асқан Тайыр Қалниязов және оның қарындасы Күлсін Бүркітбаева екеуі де мүгедек. Төсек тартып жатқан ағасына қарап, күтімін жасап отырған қарындасы да жұмыс істей алмайды. Сондықтан, ешқандай табысы жоқ жандарға бүкіл ауыл болып көмектесіп тұрады екен. Бірі азық-түлік әкеп, бірі көмір түсіріп берген. Ал біздің он үш жасар батырларымыз өздері барып, көмірханаға тасып беріп кетіпті. Әрдайым осылай жәрдемдесуге келіп жүреді екен. Жарайсыңдар жігіттер!

Leave A Reply

Your email address will not be published.