«ТІЛ – ДІН МЕН ДӘСТҮРДІҢ ТІРЕГІ»

0

Сәрсенбі күні Қарасу ауылдық мәдениет үйінде «Тіл – дін мен дәстүрдің тірегі» атты имамдар байқауы өтті. Облыс әкімдігінің дін істері, тілдерді дамыту басқармаларының, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілдігі және Қордай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға Қарасай, Сортөбе, Ауқатты, Масаншы ауылдарынан барлығы он имам қатысты.

Аудан әкімінің тапсырмасымен өткен рухани байқаудың мақсаты – ауданда тұратын өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді жетік білуді кеңінен насихаттау және қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қоғамдағы діни, ұлтаралық тұрақтылықты сақтап, әрі қарай дамыту.

Сайыста үміткерлердің тілді меңгеру деңгейін, жауаптың мазмұндылығы мен ерекшелігін, қазақ тілінде таза сөйлеуін бағалайтын қазылар алқасының құрамында облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов болды.

Жарыстың шарттары бойынша қатысушылар мемлекеттік тілде бес мақал-мәтел айту, ұяшықты таңдау арқылы берілген тақырыпта сияр-шәріп, қисса, аңыз-әпсана, діни әңгіме айту, қазақтың діни-ағартушылары мен ақын-жазушыларының бір өлеңін мәнерлеп оқу, «Отанды сүю иманнан» тақырыбында мемлекеттік тілде эссе жазу бойынша сынақтардан өтті.

Сайыстың нәтижесі бойынша «Бұлар батыр» мешітінің ұстазы Гуйчир Двумар барлық төрт кезеңнен де сүрінбей өтіп, жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал «Бұлар батыр» мешітінің имамдары Рамазан Мусаров екінші орынды, Нурдин Вансынбо үшінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушыларға байқауға қатысқандары үшін алғыс хат табысталды.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.