БАТА БЕРУ ДЕ ӨНЕР

0

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен және облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Қордай ауданында «Батамен ел көгерер» атты батагөйлердің облыстық байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты бата беру дәстүрін, өскелен ұрпақты үлкендерді құрметтей білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу, батаның ғибратын ұрпақ бойына сіңіру. Бата, даналық ойдың інжу маржаны. Ауыз әдебиетінің асылы, ақ тілекті атасының бата беру дәстүрін жас ұрпаққа жалғастыру, тілі шешен, ауыз дуалы көпті көрген данагөй қарттарымыздың өнегелі өмірін үлгі ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, имандылыққа тәрбиелеу үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрету.

Байқаудың ашылу салтанатында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков және Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Осы күні Жамбыл облысының 11 аймағында өткен іріктеу сайыстарында жүлделі орындарға ие болған 11 үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Сайыста ақсақалдар «Ұлттық салт-дәстүр бойынша бата» –дәстүрлі бата беру арқылы ұлттық құндылықтарды паш ету, «Ел есіндегі белгілі тұлғалардың батасы» – тарихи тұлғалардың баталарын жатқа айтып, олардың мазмұнын түсіндіру, «Ұлттық салт-дәстүрге байланысты сұрақ-жауап» – қатысушылар салт-дәстүр туралы сұрақтарға жауап бере отырып, өз білімдерін көрсету бойынша бақ сынады. Байқаудың қорытындысы бойынша І орынды және «Үздік батагөй-2025» атағына Қордай ауданынан қатысқан Еркінбек Құттықов ие болды. Ол өз өнерімен жоғары бағаға ие болып, батаның терең мағынасы мен ұлттық құндылықтарды жоғары деңгейде жеткізді. Ал, жүлделі ІІ орынды Жамбыл ауданынан қатысқан Бегалы Сқақов, ІІІ орынды Тараз қаласынан келген Сауранбек Жамалбеков иеленді. Қалған қатысушылар «Дарынды қария», «Өнегелі қария», «Шешен қария», «Өнерлі қария», «Батагөй ақсақал», «Көрермен көзайымы» номинацияларымен марапатталды.

Шара барысында ұлттық рух пен салт-дәстүрді сақтау мәселелері талқыланып, жастарға батаның тәрбиелік мәні мен маңызы туралы кеңінен айтылды. Байқау соңында барлық қатысушыларға қаржылай сертификаттар, дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Осы байқауды жоғары деңгейде өткізуге Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековке, аудандық мәслихат депутаттарына, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат бөліміне, аудандық Мәдениет үйіне, «Жастар рессурстық» орталығына, «Ауыл» партиясына қолдау көрсеткені үшін аудандық ардагерлер кеңесі үлкен алғыс білдіреді.

Қордай аудандық ардагерлер кеңесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.