БАТАГӨЙ ҚАРИЯЛАР БАҚ СЫНАСТЫ

0

Салт-дәстүрлеріміздің ішіндегі ең асылы, көңілімізді жібітіп, жанымызға рухани демеу болатын құндылығымыз – бата десек артық айтқандық емес. Халқымыз бата айтылатын үйдің ырыс-несібесі, берекесі ортаймайды деп санаған. Өйткені, бата – ақ тілектің, жақсылық пен игіліктің айғағы. Осынау дәстүрді жаңғырту мақсатында 21 сәуір күні аудандық Мәдениет үйінде «Батаменен ел көгерер» атты бата беруден аудандық байқау өтті. Қордай аудандық ардагерлер кеңесі, оның жанындағы билер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен сайысқа ауылдық округтерден келген барлығы 16 қария қатысты. Айта кетейік, қатысушылардың ең үлкені – 87 жаста, ең кішісі – 63 жастағы қарттар.
Бата беру дәстүрін дәріптеу, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткен шараға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қазақы ою шапан киген көнекөз қариялар төрт кезең бойынша бақ сынасты. Бірінші кезеңде қатысушылар ұлттық салт-дәстүрдің үлгісін көрсетулері тиіс болса, екінші кезеңде ел есіндегі белгілі тұлғалардың батасын берді, үшінші кезеңде өз баталарын беруі тиіс болса, төртінші сұрақ-жауап кезеңінде ұлттық құндылықтар, тарих, әдет-ғұрыптарға қатысты сауалдарға жауап берді.
Үлкен дайындықпен келіп, бірінен бірі аса түскен батагөйлердің арасынан үздігін анықтау қазылар алқасына қиынға соқты. Сонымен, байқау қорытындысы бойынша, көп ішінен оқ бойы оза шыққан қария – кенендік Жамбыл Сатыбалдиев бас жүлдені иеленіп, теледидар ұтып алды. 1-орынды Қордай ауылынан Бақыт Байжігітов, 2-орынды Әлжан ана ауылынан Жайсанбек Абдиматов жән қордайлық Қымбатбай Байсарин, 3-орынды Отар ауылынан Мырзабай Күзербаев және Күлжан Абдиев иеленіп, барлық қатысушылардың үстіне қазақы дәстүрмен шапан жабылып, бағалы сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ, батагөйлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұдан бөлек, байқауға қатысушылар жасына, ұлттық киім үлгісіне, сахна мәдениетіне, бата мазмұнына, сөз шеберлігіне, дауыс ырғағына қарай бағаланып, ерекше жүлделерге ие болды. Мұндай өзгеше жүлделерге 87 жастағы ең қарт қатысушы – Рахимбай Молдашев, 83 жасар қария Жомарт Керденов, Қарасай ауылынан Алмахан Таубаев, Қаракемер ауылынан Ерғазы Бозжаев ие болды.
Айта кетейік, аудандық ардагерлер кеңесі аталмыш аудандық байқаудың өтуіне қолдау көрсеткен Қордай ауданы әкімдігіне, «AMANAT» партиясының аудандық филиалына және жастар орталығына демеушілік көмек көрсеткендері үшін алғыс білдіреді.

Қордай аудандық ардагерлер кеңесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.