Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде 2025 жылдың 16 сәуірінде халқымыздың даңқты перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Ұлттық мұра» бағдарламасы аясында ерекше тағылымды іс-шара өтті. «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған «Сөз төресі – бата!» атты байқау ұлттық тәрбиенің алтын қазығына айналды.
Жарысқа қатысқан 6 батагөй ақсақал үш кезең бойынша өз өнерін ортаға салды. Бірінші кезеңде «Тегін білу – тектіліктің белгісі» тақырыбымен әр ақсақал өз шежіресін таныстырса, екінші кезеңде «Бата – тәрбие бастауы» аталымымен дастархан батасы, батыр рухына арналған бата және дәстүрге байланысты баталар айтылды. Ал үшінші кезеңде қатысушыларға ұмыт бола бастаған салт-дәстүр, ырым-тиымдар туралы сұрақтар қойылды.
Байқауға қазылық еткендер қатарында қоғам белсенділері мен мәдениет саласының өкілдері болды. Атап айтқанда: «AMANAT» партиясынан мәслихат депутаты Әлібек Омаров, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Бейсен Әубәкіров, ұлағатты ұстаз Зураш Алдабаева, партия филиалының бастауыш ұйым төрайымы Шынара Нурсеитова, мәдениет қызметкері Ерлан Бұрбаев.
Тартысты өткен сайыс нәтижесінде І орынды Болатбек Маралбаев иеленсе, ІІ орын Жайсанбек Абдиматов, ІІІ орын Болатхан Досалиевке бұйырды. Барлық қатысушыларға «AMANAT» партиясының атынан бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар, марапат қағаздары табысталды.
Бұл байқау – ұлттық дәстүр мен рухани байлықты ұлықтап, келер ұрпаққа өнеге көрсетудің жарқын көрінісі болды.