«БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР»

0

24 мамыр күні Қордай аудандық ардагерлер және оның жанындағы билер кеңесінің ұйымдастыруымен батагөй қариялардың «Батаменен ел көгерер» атты байқауы өтті. Байқауға ауылдық округтерден барлығы 14 қария қатысты, қатысушылардың алды 84 жаста болса, арты 66 жастағы ел ағалары. Сайыстың негізгі мақсаты – ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі бата беру дәстүрін дәріптеу, кейінгі ұрпаққа үлгі ету, бата беру дәстүрінің тәлімдік, тәрбиелік маңызын және бата берудің түрлерін, шеберлігін, көркемдік дәрежесін арттыру, жас ұрпақты адамгершілікке, рухани тазалыққа, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеу және ел арасында бата берушілерді насихаттау арқылы халық шығармашылығын дамыту.

Өнегеге толы шарада аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов пен аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай құттықтау сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет мұндай байқаулардың жас ұрпаққа берер тағылымына тоқталып, батагөй қарттарға тілегін жеткізді.

Бата айтудан сынға түскен қатысушылар төрт кезең бойынша өзара кім мықтыны анықтады. Бірінші кезеңде ұлттық салт-дәстүр бойынша, екінші кезеңде ел есіндегі белгілі тұлғалардың батасы, үшінші кезеңде қатысушылар өздерінің баталарын айтуға тиіс болды. Ал төртінші кезең – сұрақ-жауап айдары.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Абдиматов Жайсанбек (Әлжан ана) жеңіп алды, ал I орынды Бозжаев Ерғазы (Қаракемер), II орынды Маженов Ержан (Ноғайбай), Күзербаев Мырзабай (Отар), III орынды Амангелдиев Мағауия (Жамбыл), Зиятбеков Илешбек иеленді. Барлық батагөйлер байқауға жақсы дайындықпен келді. Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Қарияларға сайысқа қатысқандары үшін Қордай аудандық ардагерлер кеңесі Алғыс білдіреді.  Сондай ақ, демеушілік көмек көрсеткен «Мейірім» ҚБ-ке Алғыс білдіреміз.

Қордай аудандық ардагерлер кеңесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.