Қарасай батыр ауылында дүбүрлі той түндігін түрді. Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғыста қол бастаған белгілі сардар, Алатау бөктерінде туып-өскен Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Есқожа руынан шыққан Алтынайұлы Қарасай батырдың 425 жылдығына арналған «Ұрпақтар үндестігі: Қарасай батыр дәуірі және заманауи құндылықтардың дамуы» атты республикалық шара аталмыш ауылда жалауын желбіретті.
Жалпы, ұлы тұлғалардың ұлылық қасиетi көп болады. Қарасай тек iрi батыр ғана емес, айтқаны дәл келетiн әулие көреген, бiреуге қатты ренжiп, зiл тастаса, терiс бата берсе, қара жер қарс айырылғандай қара жамылтатын арқалы, аруақты жан болған. Қартайған шағында шыбық мiнiп, ойнап жүрген бала Төленi өзi iздеп барып, ақ батасын берген екен. Төле кейiн күллi Қазақ елiнiң тiзгiнiн ұстаған әз Төле би атанғаны белгiлi. Атақты да аруақты, қасиеттi жандардың киесi, пiрi болады. Қарасай батырдың жолға шығарда, ұрысқа аттанарда соңынан қызыл шұбар жолбарысы бiрге ерiп жүредi деседі. Ол батырдың өзiне ғана көрiнiп, аян беретiн қасиеттi киесi, қыдырлы қызыры екен. Қарасай Алтынайұлы батыр бұл дүниеден өткен соң қызыл шұбар жолбарысы Төле биге, одан Сұраншы батырға, одан Сарыбай биге, кейiн Жамбылға ерiптi, дейдi.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Алтынайұлы Қарасайдың тарихқа келуi Тәуекелден кейiн Есiм ханның таққа отыруымен тұспа-тұс тұр. 1620 жылы Есiм хан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бiрiгiп, отыз мың қолымен ойратқа шабуыл жасады. Бұл ұрыста 79 жасар Сүйiндiк Жанай батыр бөрiлi байрақ туды жас жолбарыс Қарасайға тапсырды. Осы жылы Тобыл бойындағы соғыста Қарасай ойраттың екi тайшысы Тойлы мен Қарақалды қолға түсiрiп, хан алдына айдап әкелдi. Сонда Есiм хан риза болып: «Сен ендi бүкiл қазақтың Қарасай батыры болдың», деп айтыпты. Шынында да қазақ жерiнде Қарасай батырдың тұлпарының тұяғы тимеген жерi жоқ деуге болады.
Маңызы зор шара барысы батыр ауылында республиканың бірнеше облыс, қалаларынан келген меймандарды күтіп алудан бастау алды. Ендігі кезекте, тау бөктерінде Қарасай батыр ауылының айшықты таңбасы ретінде тұрғызылған, батырдың және оның ұрпақтарына салынған ескерткіш тақтайшасына гүл шоқтары қойылып, Құран бағыштаумен жалғасын тапты. Сондай-ақ батырдың ұрпақтарының ұйымдастыруымен, ата-дәстүр салтымен ондаған киіз үйлер тігіліп, ас беру жоралғылары жасалды.
«Қордай жері ежелден құт қонған, қасиет дарыған киелі өлке. Осындай киелі жерде елін жаудан қорғап, аты аңызға айналған, қазақ халқының хас батыры Алтынайұлы Қарасай батырдың 425 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Бұл мерейтой – еліміздің тарихы мен ұлы рухын асқақтатқан батырларымыздың ерлігін ұлықтайтын күн. Қарасай батыр – қазақ халқының тәуелсіздігі мен азаттығы үшін жан аямай күрескен, елін, жерін қорғауда талай жеңісті жорықтар жасаған кемеңгер тұлға ретінде ел есінде мәңгі қалары сөзсіз. Осы орайда, Алтынайұлы Қарасай батырдың ерлік жолы әрбір қазақстандық азамат үшін маңызды. Оның жеңісі мен ерен еңбегі – бүгінде біздің бірлігімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қалудағы басты құндылықтардың бірі», — деп атап өтті аудан әкім Бегзат Болатбеков мерейтойдың ашылу салтанатында. Одан кейін, қоғам қайраткерлері Серік Үмбетов пен Құрманғали Уәли ақжарма тілектерін арнады. Ендігі кезекте, арнайы қонақтар мен ауыл тұрғындары арасында мерейтойдың жоғары дәрежеде өтуіне өз үлестерін қосқан азаматтарды марапаттау салтанаты өткізіліп, Қарасай ауылының тумасы, кәсіпкер Жүнісәлиева Шолпан Сағадинқызына аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлының Құрмет грамотасы табысталды. Өз кезегінде, жиналған қауым еліміздегі эстрада жұлдыздары, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын қызықтап, мәз-мейрам болысты.
Сондай-ақ, келген қонақтар «Ұрпақтар үндестігі: Қарасай батыр дәуірі және заманауи құндылықтардың дамуы» атты республикалық ғылыми-практикалық форумын тамашалады. Сол жерде Асқар Селеубаевтың «Қарасай батыр» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізіліп, аталмыш рәсімде белгілі тарихшы Асқар Әбдіғалиұлы жаугершілік замандағы Қарасай батыр ұрпақтарының жанқиярлық ерліктерін алға тарта сөйледі.
Сонымен қатар, өскелең ұрпақты даңқты батырдың өмір жолы арқылы тәрбиелеу мақсатында ауылдық округтегі мектеп оқушылары арасында өткен эссе жазу, көркем бейнелеу, поэзия, ән номинациялары бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен ұласты.
Келесі кезекте, қалың көрермен назарына, Қарасай ауылының атшабарында екі күндік ат спорты ойындары жарысы ұсынылды. Аламан бәйге, құнан бәйге, топ бәйгеде атбегілер бақ сынасты. Солардың бірін айта кетсек, Қарасай батыр рухына арналған дүбірлі додада құнан бәйгеден 51 құнан тартысқа түсті. Құнан бәйгесінде көршілес Қырғызстан Республикасынан қатысып, мәре сызығын бірінші кескен «Қарлығаш» есімді тұлпардың тізгінінде болған шабандозы Арсен Болатбеков. Бапкері – Изат Сырғақұлы, жүйріктің иесі – Урмат Самаев. Жетісу облысынан қатысып, екінші орынға жайғасқан «Мырза» есімді тұлпардың тізгінінде болған шабандозы Хамза Амангелді. Бапкері – Марлан Бектенов, жүйріктің иесі – Бақыт Әли. Ал, Алматы облысынан келіп, үшінші орынды еншілеген «Қарақат» есімді тұлпардың тізгініндегі шабандозы Арнат Мұратхан. Бапкері – Азамат Мирсалимов, ат иесі – Дүйсен Игенбаев.
Тарихқа қайта оралар болсақ, Алтынайұлы Қарасай (1589-1671) – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына шыққан аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған.
«Қазақтың қайсар ұл-қыздары қашанда елді бостандыққа үндеп, жігерін жани білді. Біздің мемлекеттілік тарихымыз көне заманнан бастау алады. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды. Батыр бабаларымыз бүкіл Еуразияда ат ойнатқан қуатты мемлекеттер құрды», — деген ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі осындайда еске түседі.
Ел арасында Қарасай батыр жайлы аңыз-әңгiме, деректер көп-ақ. Биыл туғанына 425 жыл толып отырған Қарасай батырдың ғұмыры мен елi үшiн iстеген ерлiгiн зерттеу, екшеу, тұғырлы өмiрiн қазiргi күн тұрғысынан зерделеу – бүгiнгi ұрпақтың асыл парызы…
Әділет ҚҰТТЫБАЙ