Мамыр айы басталмай жатып, газетке Ұлы Отан соғысы кезінде қан майданда болған әкелері, аталары туралы жазылған деректерін алып келетін жандар қатары арта түседі. Майдангердің құжаттары, соғыс кезінде түскен суреттері, кейін ақсақал болған кездегі кеудесі орден мен медальға толы бейнелерін мақтаныш сезіммен редакцияға алып келіп, сол адам туралы жалпы аудан халқы білсе, ұрпақтары ұмытпай жүрсе деген ізгі тілектерін жеткізіп жатады.
Кейде қолымызға өте құнды дүниелер де түсіп қалады. Сырты кәдімгі қағаз сақтайтын папка болғанымен, іші — жылдар бойы сақталып, сарғайған құжаттар, газет қиындылары мен өзге де өмірбаяндық мәліметтерге толы дүниені майдангер ұлы Бақыт Алқамбаев алып келген еді.
Бүгінде өзі алпыстың биігінен өтіп кеткен Бақыт ағаның қолында әкесі — майдангер, партиялық қызметкер, тіпті тілші болған ШАЙМҰХАНБЕТ МҰСАҰЛЫ АЛҚАМБАЕВТЫҢ құжаттары сақталып қалыпты.
1922 жылы Алматы облысының Балқаш ауданына қарасты №12 ауылда өмірге келген Шаймұханбет Алқамбаевтың бар саналы ғұмыры Қордай жерінде өткен. 1940 жылы әскер қатарына алынған соң, бір жыл өтпей Ұлы Отан соғысының өрті өршелене тұтанып, балаң жігіт қан майданнан бірақ шығады. Оңтүстік майданда жауға қарсы тұрған ол танкіге қарсы артиллериялық полктің орудие командирі болып, жаудың сол кездегі өте мықты саналатын «Тигр» атты танктерін жайратуда барын салады. 1944 жылы жау беті қайта бастаған тұста Шаймұханбет Алқамбаев Борисоглебск қаласындағы әскери авиациялық мектептің курсанты атанады. Аталмыш оқу орнының 3-курс курсанты болып жүргенде Жеңіс туы желбіреп, одан әрі оқуын жалғастыра береді. 1946–1947 жылдары Луковица станциясында авиациялық техникалық полкте қызмет етіп, 1948 жылы біржола елге оралады.
Калинин колхозында қарапайым жұмысшы, Красногор ауылында ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін атқара жүріп, 1953 жылы Алматыдағы колхоз төрағаларын даярлау мектебіне оқуға түсіп, оны аяқтаған соң Қордай-Павловка ауылында партиялық ұйым хатшысы, Киров колхозының ауылдық кеңесінің төрағасы, Ұмтыл ауылдық кеңесінің төрағасы және де басқа партиялық қызметтерді абыроймен атқарған.
Осы орайда майдангер партиялық қызметті атқара жүріп, қолынан қаламын тастамай, тілшілікті де қатар алып жүріпті. Соның барысында ауданымыздан шыққан Кеңес Одағының Батыры Николай Белашов туралы көптеген мақалалар мен очерктерді облыстық, аудандық газеттерге жазып отырған. Батырдың ерлік жолын дәріптеу, еңбек жолын бағалау мақсатында жазылған мақалалар газет қиындысы ретінде ұлы Бақыт Алқамбаев алып келген папкада ретімен тігілген екен. Соларға да аздап тоқталып өтсек.
«Мәңгі өшпес ерлік» атты мақаласы Шаймұханбет Алқамбаевтың өз қолымен жазылған екен. Онда Батыр Белашовтың өмірге келгені, оның отбасы мен майдандағы ерен ерлігі туралы жазылған. Қолжазбаның ескілігі соншалықты — қағаз шеті тот басып, сарғыш тартқан парақтағы жазудың кейбір жерлері көрінбей қалған. Кейбір жерлерін автор үстінен сызып, қайта түзетіп отырған. Нақты сандарды келтіре отырып жазылған бұл мақаланы газетіміздің алдағы нөмірінде толықтай жариялау жоспарымызда бар.
Ш.Алқамбаевтың «Белашов көшесі» атты мақаласы Ұмтыл селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып жүрген кезінде облыстық газетке жазылыпты (газет қиындысынан нақты басылым атауы көрсетілмеген). Онда: «Киров атындағы колхоздың колхозшылары өздерінің жерлесі Н.Белашовтың есімін мәңгі есте сақтап келеді. Батырдың мүсіні жасалып, ол Георгиевка — Қордай селосының Алматы–Фрунзе тас жолы өтетін 1-Май көшесінің көрікті жеріне орнатылды. Жерлесімізді есте сақтау мақсатында селолық кеңестің сессиясы селоның орталық көшесін Совет Одағының Батыры Н.Белашовтың есімімен атады», — делінген.
Осы орайда айта кету керек, сол кездегі Ұмтыл, қазіргі Кенен ауылында Н.Белашов атындағы көше әлі де бар, бұрынғы атауымен аталып келеді. Майдангердің тағы бір мақаласы «Таныс болыңыз: Белашовка» деп аталыпты. Онда мынадай мәліметтер айтылған: «Жақында Киров атындағы колхоздың мүшелері өздерінің ортасынан шыққан батырдың есімін мәңгі сақтауға арналған жиналыс өткізді. Онда батырдың еңбектес досы, майдандас жолдастары Сақыпбек Жарылғасынов, Григорий Иванович Щербаков және басқалар Белашовтың еңбектегі және майдандағы ерлігін жүрек толы мақтанышпен сипаттап берді. Бұдан соң сөз алған аудандық кеңестің депутаты Михаил Иванович Колбуков Қордай–Павловка селосын Белашовка деп атау туралы ұсыныс енгізді. «Халық ұлының есімі — халық есінде болады», — деді ол. Бұдан соң сөз алған механизаторлар М.Куликов, Г.Сиротенко, К.Туматаев жолдастар Колбуковтың ұсынысын қызу қуаттады. Жиналыс селоның атын бұдан былайғы жерде Белашовка деп атау туралы қаулы қабылдады. Аудандық атқару комитеті олардың қаулысын бекітті.
Шаймұхамбет Алқамбаев, Ұмтыл селолық кеңесінің төрағасы».
Қазіргі Үлкен Сұлутөр ауылына барар жолда табиғаты көрікті ауылдардың бірі болған Белашов — бүгінде аталмыш ауыл құрамында. Бұл шамамен 1966 жылдар. Арада алпыс жылға жуық уақыт өтіпті.
Ш.Алқамбаевтың тағы бір шағын мақаласы «Батыр ұлына сенім» деп аталады екен. «Бұдан 24 жыл бұрын неміс-фашистеріне қарсы Мәскеу түбіндегі шайқаста 28 гвардияшы-панфиловшылардың қатарында ерлікпен қаза тапқандардың бірі — біздің жерлесіміз Николай Никонорович Белашов еді. Батырдың ұлы Анатолий Николаевич Белашов қазір Киров атындағы колхозда тұрады. Ол шофер болып істейді. Ұлы әке сеніміне лайық еңбек етуде. Жақында сайлаушылар Анатолий Белашовқа зор сенім көрсетіп, оны №8 Пушкин сайлау округі бойынша Ұмтыл селолық кеңесінің депутаттығына кандидат етіп ұсынды. Анатолий Белашов 1964 жылы «ГАЗ-51» машинасымен жөндеусіз 60 мың километрге жуық жол жүрді».
Яғни, біз бұл мақаладан батырдың ұлы ауылда қарапайым жүргізуші ғана болмай, сонымен қатар ауылдық кеңестің депутаты да болғанын көреміз.
Ескі газет қиындыларында сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған «Жиырма сегіздің бірі», облыстық, аудандық газеттерге жарияланған «Батырдың туған жерінде», «Батырға ұқсас ұл бар» атты мақалалар топтамалары кездеседі. Тек партиялық жұмыста ғана емес, сонымен қатар қаламы жүйрік тілші болған майдангер жоғарыда атап өткеніміздей батырдың ерлігін үнемі ұлықтап, ұрпақтар жадында қалдыруды мақсат еткен.
Біз сөз етіп отырған тарихи папкада 1950 жылы 30 қазанда Белашовтың жары Елизавета Петровнаға КСРО Жоғарғы Президиумы төрағасы Н.Шверник атынан келген хаттың көшірмесі де сақталған. Онда жерлесімізге Батыр атағы 1942 жылдың 21 шілдесінде берілгені жазылған. Одан бөлек те көптеген құнды құжаттар көшірмесі бар. Сол құжаттар арасында Ш.Алқамбаевтың Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Поповқа жазған хаты да бар. Онда Николай Белашовтың тегі кейбір жерлерде қателікпен «Болотов» болып жазылып жүргені, нақты тегі — Белашов екені, оның туған жері мен өскен ауылы туралы толыққанды мәліметтер келтірілген.
Жалпы, саналы ғұмырында қарапайым отбасында дүниеге келіп, ерте еңбекке араласып, соғыс басталмай тұрып әскер қатарына шақырылған, одан соң майдан даласында болып, он жылдай әскер қатарында қызмет атқарған, елге келген соң еңбек майданында тер төгіп қана қоймай, жерлестер ерлігі мен еңбегін насихаттап, артында мол мұра қалдырған Шаймұханбет Алқамбаев Ұмтыл селолық кеңесі төрағасы қызметін атқарып жүріп, 1974 жылы небәрі 52 жасында өмірден өткен.
«Сталинградты қорғағаны үшін», «Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» төсбелгілерімен марапатталған, басқа да көптеген марапаттардың иегері болған азаматтың есімі ел жадында қалуы тиіс. Жалпы, газет редакциясы жерлесіміз Шаймұхамбет Мұсаұлының өмір жолы туралы алдағы уақытта да толымды мақалалар жариялауды жөн көріп отыр.
Жандос ОМАРОВ