Ауданда жастар саясаты қашанда өзекті. Жастарға қолдау, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша биылғы жылдың өзінде бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Соларға аз-кем тоқтала кетсек.
Бүгінгі таңда Қордай ауданында 14-35 жас аралығында 49 мыңнан астам жас бар екен. Олар қордайлықтардың 30,5 пайызын құрап отыр. Ал, бұл дегеніңіз үлкен алып күш десек артық айтқандық емес. Осы жастарды жұмыспен қамту мақсатында бірқатар шаралар да қолға алынған. Мәселен, биыл «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін 220 жасқа 21,2 млн теңге қаржы қарастырылып, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап бүгінгі күнге дейін 165 жас (уақытша жұмыссыз санатына жататын, пробация есебінде тұрған, жұмыссыз және студент жастары) абаттандыру жұмыстарына тартылған. Аталмыш жұмысты ұйымдастыруда алдыңғы шепте жүретін Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жалпы саны 44 қызметкерлер жұмыс істейді. Аталмыш орталық алдында қашанда үлкен мақсаттар мен күрделі жұмыстар тұрған. Қазіргі таңда жастар сол жұмыстарды тиісінше атқарып келеді.
Жастар туралы сөз болғанда аудандағы білім ошақтары еске түседі. Қазір ауданда 4 колледж орналасқан (2 мемлекеттік, 2 жеке меншік), техникалық және кәсіби орта арнаулы оқу орындарында 1751жас білім алуда. Ертең олар әлеуметтік және техникалық маман болып шығады. Ол жастарға да қолдау мемлекет тарапынан болады деген сенім мол.
Қанша жерден сыни пікір қалыптасқанымен соңғы жылдары жастардың әскер қатарына баруы жақсы көрсеткіштерге жеткен. Аудан бойынша ағымдағы жылдың 9 айында әскерге 188 азамат аттаныпты.
Ал, жастар арасында қылмыс жайы ой саларлықтай. Биылғы жылдың 9 айында жастар жасаған қылмыс саны 216. Оның ішінде ауыр қылмыстар да тіркелгені қынжылтады. Қылмыстың алдын алу бойынша аудан тарапынан үлкен жұмыстар жүргізілгенімен жастар арасында бұл мәселе өзекті болып отырған жайы бар. Қазір пробация есебінде аудан бойынша 56 жас тіркеуде тұрғаны да соның бір айғағы болар.
Жастар орталығы мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, жастар арасындағы нашақорлықтың және профилактикалық шараларды алдын алу бойынша іс шаралар ұйымдастырып келеді. Оның ішінде аудандық орталық аурухананың алдын алу орталығы мен полиция қызметкерлерінің, ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі инспекторлары мен ауылдық учаскелік инспекторлардың қатысуымен жыл басынан түнгі рейд жұмыстары, кездесулер мен спорттық шаралар өткізілген. 2500-ден аса сауалнамалар жүргізіліпті. Аудан жастары басын қосқан «Рухани-адамгершілік», «Әскери-патриоттық», «Спорттық», «Мәдени-шығармашылық», «Құқықтық», «Дін» және басқа да бағыттағы түрлі шаралар жыл бойы өткізіліп отырады. Осының барлығы жастардың қоғаммен етене, жаман әдеттерден аулақ болуына, қылмысқа бармауына сеп болып жүргені анық. Ең бастысы ел болашаға саналатын жандарға қазірден қолдау толастамаса болғаны.
Ж.ОМАРОВ