Дүйсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбековтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Онда аудан бойынша 9 айда атқарылған жұмыстар жайы қаралды. Тоқсанына бір рет өтетін келелі жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібіне осы күні үш сұрақ шығарылып, сонымен қатар көкейтесті мәселелер де жиын барысында қаралды.
Алдымен атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов есеп берді. Бүгінгі таңда күрделі болып отырған жеті мәселеге Бақыт Оңласынұлы жекелей тоқталып өтті. Олардың ішінде Қордай, Сортөбе, Масаншы, Ауқатты, Отар, Қарасу, Сарыбұлақ ауылдық округтерінде көптеген құрылыстар жүргізілуде, алайда әкімдер тарапынан құрылыс жұмыстары көлемі ретінде нысандар көрсетілмегендігі айтылды.
Бұл құрылыс жұмыстарының көлемі инвестиция көрсеткішін ұлғайтуға сеп болар еді, дейді баяндамашы. Сонымен қатар, Б.Сахатов 2024 жылға «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар округ әкімдері өз жобаларын ұсынбағанын айтты. Бұл жағдай өз кезегінде 2024-2026 жылдарға арналған ауылдық окрутерге облыстық бюджеттен бөлінетін трансферттерге толық көлемде қаржы бөлінбей қалу қаупін тудырып отыр. Сондай-ақ, баяндамада аудан әкімінің орынбасары Соғанды, Шарбақты, Байтерек ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындылары алынғанын, 12 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқанын жеткізді. Ал, Степной және Сарыбұлақ ауылдарында ауыз су желілерінің құрылыстары өте баяу жүріп жатқанын айтып, осыған байланысты тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімімен аталған ауылдардың әкімдері жұмыстарын бақылауға алу қажеттігін баса айтты. Баяндама барысында жолдардың сапасы және өзге де кезек күттірмейтін мәселелер сөз болды.
Осы орайда аудан басшысы ауыл әкімдеріне ауылдарға кіре беріс жолдарға аса мән беруге, жұмысы аяқталған нысандардың сапасына мұқият болуға шақырып, қажет болса сотқа тартуға дейін бару керектігін ескертті. Сондай-ақ, ДЭУ-34 мекемесіне де жұмысты жандандыру бойынша бірқатар ұсыныстар мен ескертулер айтылды.
Осыдан соң 9 айда атқарылған жұмыстар бойынша аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев есеп берді. Ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм салалары бойынша баяндама жасаған Жұлдызбек Төленұлы жыл соңына дейін орындалмай қалу қаупі бар мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Баяндамадан мәлім болғандай бірқатар ауылдарда мал ИСЖ есебіне мүлдем тіркелмеген.
Арнайы кестеден байқағанымыздай тіркелмеген малдың ең көп саны мүйізді ірі қара бойынша Қаракемер, Степное және Ноғайбай ауылдық округтерінде, ұсақ мал Ноғайбай, Бетқайнар, Кенен, Жамбыл, Сарыбұлақ және Отар ауылдық округтерінде, жылқы Ноғайбай, Отар, Қаракемер, Сұлутөр, Бетқайнар және Қақпатас ауылдық округтерінде анықталған. Осы орайда ауыл әкімдеріне бірқатар ескертулер айтылды.
— Мал басының келесі есебі екі айдан кейін болады. Ауыл шаруашылығы нысандарын тіркеу бойынша жұмыстарды биыл тек Қарасу ауылдық округінде атқарылды. Ағымдағы жылы ауданның экономикалық көрсеткіштері сіздердің сапалы жұмыстарыңызға байланысты болады. Біз бар нәрсені көрсетуіміз керек. Мал басының көбеюі, ауыл шаруашылығы нысандарының тіркелуі аудан экономикасына әсер ететінін сіздер білуге тиістісіздер, — деді Ж.Бақаев.
Сонымен қатар, аудан әкімі орынбасары биыл орын алған қуаңшылықтан және суармалы судың тапшылығына байланысты ауданымызда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жергілікті деңгейде жарияланғанын еске салып, ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан ұсынылған технологиялық картаға сай келтірілген шығын көлемі 1,610 млрд.тг құрағанын, облыстық басқармаға 192 шаруа қожалықтарының келтірілген залалды өтеу үшін құжаттары жолданып, төленген сомасы – 1002,6 млрд теңге болғанын жеткізді. Қалған 45 шаруа қожалықтарының құжаттары тексерілуде болса, 11 шаруа қожалықтарының құжаттары дұрыс емес немесе дұрыс рәсімделмеген болып шыққан. Ал, кәсіпкерлік саласы келсек ауылдық округ әкімдері ашылған нысандар бойынша статистикалық есеп тапсырмаған. Бұл өз нәтижесінде ауданның инвестициялық әлеуетін төмен етіп көрсетуге сеп болып отыр.
Аталмыш мәселелерді ескере отырып, Жұлдызбек Төленұлы аталған округтердің әкімдеріне тәртіптік шара қолдануды ұсынды.
Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай өз саласы бойынша атқарылған жұмыстар турасында есеп берді. Дамира Маратқызы алдымен күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруда округтер тарапынан жұмысты тиісті түрде жүргізе алмай отырған жауаптыларды сынға алды.
-Қазан айының қорытындысымен аудандық жасақ 40% орындалды. Жасақтың төмен көрсеткіш көрсетуіне Қордай, Үлкен Сұлутөр, Қарасай, Қақпатас, Масанчи, Сортөбе округтеріндегі нәтижесіз жұмыс себеп болып отыр. Күзгі әскерге шақыру науқаны соңына жетуге бір жарым ай ғана қалуына байланысты жасақ жоспары облыстық көрсеткіштен төмен орындалу қаупі бар. Осыған орай әскерге шақыру жасағын орындау мәселесін хаттамалық тапсырмаға енгізуді, сондай-ақ межеге қол жеткізе алмаған жоғарыда аталған округ әкімдері мен әскери есеп үстел мамандарына шара қолдануды ұсынамын, — деді Дамира Маратқызы.
Аудан әкімінің орынбасары «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне деректерді енгізу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, азаматтардың мәртебесін анықтау, өзектендіру, жұмыспен қамту бойынша проблемалық мәселелерді жіпке тізіп, жауапты мамандарға бірқатар сын-ескертпелер айтты. Сондай-ақ, Д.Сүгірбай әлеуметтік желіде кері байланыс орнату мақсатында «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде ресми аккаунттарында тек аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі тарапынан берілген материалдарды жариялаумен ғана шектеліп отырған округтерді атап өтті. Сонымен қатар, баяндама барысында баспасөзге жазылу, оның ішінде аудандық газетпен тығыз байланыс орната алмаған округ әкімдері жұмысы да сынға алынды.
Өз баяндамасында Дамира Маратқызы Қордай ауданының кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының ұсынысымен «Отбасы» акциясы аясында округ әкімдері өмірлік қиын жағдайға тап болған, құжаттары жоқ отбасын анықтау мақсатында рейдтер жүргізілгенін атап өтіп, жағдай төмен, құжатсыз отбасыларын анықтау, оларды тұрақты бақылауда ұстау жұмысында кейбір округ әкімдерінің белсенділіктері тым нашар болғанын рейд барысында анықталғанын атап өтті.
-Осыған байланысты әрбір ауылдық округте оқытумен қамтылмаған балаларды, құжаттары жоқ азаматтарды анықтау, олардың мәселесін шешу бойынша рейдтер ұйымдастыру, жылыту маусымының басталуымен байланысты жергілікті халық арасында өрт қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, жайсыз отбасыларының тұрмыстық жағдайын зерделеу, мүмкін болған жағдайда өрт дабылы датчиктерін тарату мәселесін хаттамамен тапсыруды ұсынамын, — деді.
Кеңес барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл атқарушылық тәртіп туралы баяндама жасап, бірқатар ескертулер мен ұсыныстарын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Бегзат Болатбеков атқарушы белсенділігін төмендетіп алған, кемшіліктерге жол берген әр бөлім мен мекеме басшыларын, ауылдық округ әкімдерін жекелей тұрғызып, себебін сұрап, нақты тапсырмалар жүктеп, жауапкершілік жайын да ұмытпауды ескертті.
-Екі айдан соң бұл жылда аяқталады. Жыл соңына қарай осындай жиын өткізіп, қорытындылайтын боламыз. Сол кезде жұмыстарыңызға нақты баға береміз. Ал, біздің жұмысымызды халық бағалайды. Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы әрдайым есте болуы керек. Өйткені, тұрғындар алдында берген уәдеміз бар. Ал, оны орындау міндетіміз. Ендеше, уәде үдесінен шығу үшін баршамыз бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Жиын соңында күн тәртібіне сәйкес жауаптыларға хаттамалық тапсырмалар беріліп, орындау уақыты да шегеленді.
Жандос Омаров