Жаз – балалар үшін ең қуанышты, еркіндікке толы мезгіл. Бұл – мектептен босаған балалардың ойнап, демалып, таза ауада еркін жүретін уақыты. Алайда, дәл осы мезгіл ата-аналар мен қоғам үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі әрбір бейқам сәт – баланың өмірін өзгертіп жіберуі мүмкін.
Қордай аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімінде соңғы күндері орын алған оқиғалар соның дәлелі. Ал, жылпы айтар болсақ ауруханаға түрлі жарақатпен түскен балалардың мынадай жағдаймен келген. Жол-көлік оқиғасынан 18 бала зардап шексе, автокөлікпен қағылғандар 9 бала,
2-қабаттан секіріп, жараланғандар 7 бала, электросамокат, мопедтен құлап жарақат алғандар 3 бала, күйік шалғандар 6 бала, тағамнан және улы газдан уланғандар 4 бала, ұрып-соғу нәтижесінде түскендер 19 бала.
Осы оқиғалардың көпшілігі – үлкендердің қарауынсыз қалған балалардың қауіпсіздік ережелерін білмей немесе елемей әрекет етуінен орын алған.
Мәселен, кейбір балалар қайнап тұрған суға күйіп қалса, енді біреулері ойнап жүріп биіктен құлап, қол-аяғын сындырып жатыр. Жаяу жүргінші ережесін білмей, көлік астына түскендер де бар. Бұл – әр отбасы мен қоғам үшін үлкен ескерту болуы тиіс.
Бала аманат дейміз. Оның амандығы – ата-ананың, мектептің, қоғамның ортақ міндеті. Бір сәттік салғырттық, немқұрайлылық орны толмас өкінішке ұласып жатады. Сондықтан, балаларды қараусыз қалдырмаңыз, үйде де, көшеде де қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отырыңыз, заманауи көлік құралдарын пайдаланарда (мопед, электросамокат) қауіпсіздік талаптарын сақтауды қадағалаңыз, балаларға жаяу жүргінші ережелерін үйретіңіз, бақылаусыз қалдырмай, қоршаған ортаға бейжай қарамауға баулыңыз.
Бүгінгі қамқорлық – ертеңгі амандықтың кепілі.
Көңілді жаз – тек естелікке толы болсын десек, балалардың қауіпсіздігін басты орынға қояйық.
Кордай аудандық орталық ауруханасы