Биылғы жылы елордамыз Астана қаласында 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіне 20 жыл толып отыр. Бұл съезд жаһандағы түрлі діндерді татулыққа бастайтын диалог алаңына айналды десе болады.
Дін ежелгі уақыттардан бері адамдардың өмірінде шешуші рөл атқарып келе жатқан маңызды феномен және ол бүгінгі күнде де еш маңызын жойған жоқ. Адамзат үшін қазіргі таңдағы басты міндет – ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау. Себебі татулық пен бірлік орнықпаған жерде берекелі бейбіт өмірдің болмайтыны анық. Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр кеңістігінде әлем аумағында таралған діндердің өзара диалогын ұйымдастыру жаһандық деңгейдегі өзекті іс-шаралар қатарына жатады. Бұған дейінгі уақытта Италияның Ассизи қаласында 1986 және 2002 жылдары жер жаһандағы діндердің басын қосқан кездесу болып өткен еді. Бірақ ол мәжіліс жүйелілікке түсіп, тұрақты диалог алаңына айнала алмады. Ал Астанадағы съезд әлемдік діндермен қоса ұлттық діндердің де басын қосып, татулық пен бірлікті қалыптастыруға бағытталған құрылым болуымен ерекшеленеді. Пікір қайшылықтары және өзара келіспеушіліктер болып жатқанына қарамастан, дін өкілдері ортақ диалог алаңында әлемді алаңдатқан мәселелерді талқылап, келісімге келуге ұмтылады.
Астана қаласындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ең алғашқы съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйек аралығында өтіп, оған ислам, христиан, буддизм, индуизм, иудаизм, синтоизм діндерінің өкілдері қатысты. Жалпы 2003 жылы өткен бірінші съезде әлемнің 13 елінен 17 діни ұйым өкілдері, 2006 жылы екінші съезде 26 елден 29 діни делегация, 2009 жылы үшінші съезде 35 елден 77 делегация, 2012 жылы төртінші съезде 40 елден 85 делегация, 2015 жылы бесінші съезде 42 елден 80 делегация, 2018 жылғы алтыншы съезде 46 елден 82 делегация, 2022 жылғы жетінші съезде 50 елден 100 делегация бас қосты. Жиынға қатысушы дін өкілдерінің саны әр съез сайын көбеюде. Аталмыш цифрлар діндер форумының маңызының жылдан жылға артып келе жатқандығына дәлел бола алады. Біріккен ұлттар ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тәрізді құрылымдар съезд жұмысына қолдау көрсетуде. 2015 жылы 11-15 маусым аралығында өткен V cъезге БҰҰ-ның сол кездегі бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі де қатысты. Қазақстан әлемдік саясаттың белсенді мүшесі ретінде діндер форумында адамзатты алаңдатқан күрделі мәселелерді талқылауға ұсынып, оларды шешудің жолдарын іздеп келеді. Атап айтқанда, Қазақстан бірінші съезде экстремизм, терроризмге тыйым және дінге жала жаппау мәселесін көтерді. Екінші съезде «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік», үшінші съезде «Толеранттылық, өзара құрмет және ынтымақтастыққа негізделген әлемді қалыптастырудағы діни лидерлердің рөлі», төртінші съезде «Бейбітшілік пен келісім адамзаттың таңдауы ретінде», бесінші съезде «Бейбітшілік пен даму мақсатындағы діни лидерлер мен саясаткерлер арасындағы диалог», алтыншы съезде «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін», жетінші съезде «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» тақырыбында талқылаулар өтіп, жаһанның өзекті мәселелері талқыланды.
Өткенге көз тастап қарайтын болсақ, діндер форумы барысында бірталай жұмыстар атқарылды. 2003 жылы 23 – 24 қыркүйек аралығында өткізілген алғашқы отырыста съезі әр үш жыл сайын ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл келісім ары қарата өз жалғасын тауып, осы күнге дейін съезд жүйелі түрде жұмысын атқаруда. 2006 жылғы съезде өзара үндестікке жол бастайтын Дінаралық диалог қағидаттары қабылданды. Діндер съезіне арналып, Астана қаласында Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Татулықтың символы іспетті бұл ғимаратта 2006 жылғы ІІ съезден бастап, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің отырысы тұрақты түрде өткізіліп келеді. 2003-2023 жылдар аралығында діндер форумының Хатшылығы, Халықаралық діндер мен мәдениеттер орталығы, Діни лидерлер кеңесі құрылды.
2023 жылдың 11 қазанында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Хатшылығының ХХІ отырысы өткізіліп, жиын барысында съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілді. Аталған тұжырымдамада съездің алдағы 10 жылдыққа арналған даму бағдары белгіленген. Бұл тұжырымдаманы съездің стратегиялық даму бағытын белгілеуге мүмкіндік беретін маңызды құжат деп бағалауға болады. Тұжырымдама — съездің БҰҰ институттарымен және басқа да беделді халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын нығайтуды, сондай-ақ, серіктестер шеңберін және форум қызметінің географиясын кеңейтуді көздейді. ҚР Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының басшысы М.Әшімбаев тұжырымдамадағы съездің жаңа құрылымдары туралы былай деген еді: «Тұжырымдамада Съезд миссиясын іске асыруға арналған бірқатар жаңа тетіктер мен институттар қарастырылған. Съездің Ізгі ниет елшісі институтын құру ұсынылып отыр. Жас дін көшбасшыларының форумын және басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланып жатыр. Бұл Тұжырымдама Съездің алдағы жылдарға арналған серпінді және жасампаз даму векторын айқындайды».
Экстремизм, терроризм сияқты жаһандық қауіп-қатерлер, діни төзімсіздік, халықаралық дау-жанжалдар, қақтығыстар, діни құндылықтарды қорлау фактілері тіркеліп жатқан бүгінгі заманда аталған келеңсіздіктердің алдын алу өте маңызды. Түрлі дін өкілдерінің басын бір ортаға қосқан мәжіліс өткізу арқылы Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлеріне ортақ бір келісімге келуге мүмкіндік жасап беруде. Сөз соңын ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жетінші съезінде сөйлеген сөзінде: «Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын, — деген еді. Бұл айтылған тұжырымдама қашанда өзекті болып қала бермек.
Елнұр Әскенұлы, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі