БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ — ТҰТАСТЫРАР ЕЛ ІШІН

0

Әу бастан бейбітшілік пен келісімді ту еткен Қордай жұртшылығы татулық пен достықтың буынын бекітіп, ұлтаралық тұрақтылықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мұнымызға дәлел ретінде сәрсенбі күні Қаракемер ауылында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Наурыз мейрамына орайластырылған айтулы іс-шара ұйымдастырылып, ескі мешіт ғимаратының ауласына жүз елу түп жасыл желек отырғызылды.

Ынтымақ пен бірліктің, татулық пен достықтың туын желбіреткен ауқымды акцияға Қарасай, Еңбек, Қаракемер, Масаншы, Ауқатты, Сортөбе, Қарасу, Өтеген, Күнбатыс ауылдарының мешіт жамағаты мен имамдары, ауыл жастары мен ақсақалдар қауымы қатысты. Таң азаннан басталған абаттандыру жұмыстары барысында әр ауылдан жиналған азаматтар бір атаның баласындай бірлесе тал тігіп, бір біріне деген ізгі тілектерін жеткізді. Жиналған қауымды алдымен Қордай ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай құттықтап, қалың көпшіліктің қолдауына ие болған бұл тірлік игіліктің бастауы екенін айта келе, достық пен татулықтың мән-маңызына тоқталды. Осыдан кейін Қордай ауданының бас имамы Асқар Сатылғанов өзгелерге үлгі болар игі істі абыроймен атқарған жерлестері мен әріптестеріне ізгі тілегін жеткізді.
«Халқымыз «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Бұл бір мәнісі мол, мағынасы терең ізгі іс болып отыр. Мұндағы басты мақсат халқымыздың тыныштығы, жамағаттың ауызбіршілігі, жас ұрпақтың тәрбиесі», — деген бас имамның сөзін Елордадан Қаракемерге арнайы келген қонақ, абайтанушы Омар Жәлел жалғастырды.
Әлібек Оспанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.