БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІН АРАЛАДЫ

0

Мемлекет басшысы жеке инвестордың қаржысына салынып, биыл пайдалануға берілген көпфункциялы ғимараттың қызметімен танысты. Елордада орналасқан кешенде түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар, сондай-ақ халыққа арналған сауықтыру және демалыс бағдарламалары ұйымдастырылады.

Нысан аумағында футзал, волейбол мен баскетбол алаңдары, бокс, дзюдо, қазақ күресі және басқа да спорт түрлерімен шұғылдануға арналған жекпе-жек залдары бар.

Президент бұқаралық спортты дамыту үшін осындай кешендерді көптеп салу қажет екенін айтты. Сондай-ақ жас боксшылар және футболшылармен әңгімелесіп, олардың келешекте әлем, олимпиада чемпиондары болуына тілектестік білдірді.

«Бұл үшін, ең алдымен, еңбек ету керек, табандылық қажет. Жеңіске тек еңбекқорлық қана жеткізеді», – деді Мемлекет басшысы.

Елорда нысандарын аралау барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Дәулет» теннис орталығының қызметімен де танысты.

Кешенде 600 бала, олардың ішінде 85 оқушы бюджет есебінен жаттығады. Сондай-ақ мұнда 57 спорттық-сауықтыру тобы жұмыс істейді.

«Дәулет» орталығы – елордадағы балалар ең көп баратын, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар спортшыларды да қамтитын әлеуметтік-спорттық нысандардың бірі.

Биыл мамыр айында орталық базасында Азия құрлығында алғаш рет Virtus World Tennis Championship 2025 – ақыл-ой кемістігі бар спортшылар арасында теннистен әлем біріншілігі өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.