Бейсенбі күні қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларды жоюға дайындық ретінде өтетін «Қыс-2024» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Бұл оқу-жаттығу азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің (АҚМЖ) басқару органдары мен күштерін даярлау мақсатында жылда дәстүрлі түрде өткізіледі. Алайда, бұл жолғы оқу-жаттығу «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының учаскесі «Қордай» асуында ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығуға Жамбыл облы-сының әкімі Ербол Қарашөкеев және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, оның маңыздылығын арттыра түсті. Сонымен қатар, оқу-жаттығуға жергілікті атқарушы органдардың, авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының, азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдері, Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары, ҚР ТЖМ Жамбыл облысы бойынша «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің филиалы, Жамбыл облысының полиция департаменті, сондай-ақ Алматы облысынан келген құтқарушылар да қатысты.
Көліктік магистральдар мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысы бұзылған жағдайда туындаған төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аумақтық және салалық жүйелерінің жұмыс атқару режимін тексеру, дайындықты пысықтау жүргізілді. Сондай-ақ құлақтандыру және байланыс жүйелерінің дайындығы, АҚМЖ барлық деңгейлерінде жедел кезекшілікті ұйымдастыру, болжамды және диспетчерлік қызметтердің жұмысы, бақылау жүргізу, материалды-техникалық, азық-түлік және медициналық қорларын жасақтау және азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының қысқы кезеңдегі ТЖ-ға дайындық деңгейі де тексерілді.
Негізгі күш-жігерді бірінші кезекте адамдарды іздестіруге және құтқаруға, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қауіпті жерлерден жылыту пункттеріне, жақын маңдағы елді мекендерге және емдеу мекемелеріне эвакуациялауға шоғырландыруды ескере отырып, авариялық-құтқару және жедел атқарылуы тиіс жұмыстарды жүргізуге ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.
Арнайы дайындалған сценарий бойынша құтқару операциясы жүргізіліп, ауқымды оқу-жаттығу өтті. Жалпы, командалық-штабтық оқу-жаттығуға Жамбыл облысынан 80 адам, 28 бірлік техника, ал Алматы облысынан 70 адам, 14 бірлік техника жұмылдырылды.
Еркін ҚАТБЕКОВ