«БЕРЕКЕДЕГІ» БЕРЕКЕЛІ КҮН

0

«15 қараша – Жұмыс берушілер күніне» орай Қордай ауданы «Береке» гуманитарлық-техникалық колледж қабырғасында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында кадрларды даярлау сапасын арттырып, жұмыс берушілермен одан әрі тиімді өзара байланыс орнату мақсатында іс-шара өткізілді.
Аталған іс-шараға колледждің әлеуметтік-серіктестері шақыртылды. Атап айтар болсақ, «Қордай – Жолаушы» ЖШС директорының орынбасары Александр Скрыпников, «Бәйтерек» бөбекжайының меңгерушісі Саракүл Заурбаева, «Сенім Қордай» ЖШС балабақшасының меңгерушісі Қаламқас Купесбай, «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Абдыбаева, №3 А.Құнанбаев атындағы орта мектеп директоры Шынар Саурукова, №47 М.Х.Дулати атындағы орта мектеп директоры Жібек Садабаева, №2 М.Ломоносов атындағы орта мектебінің директоры Индира Дауткулова, «Bilim-Dos» ЖШС директоры Лариса Максимова, Қордай аудандық полиция бөлімі басшысының кадр жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Жамбыл Дүйсенов, Қордай аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Айна Джамангозова, «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Расул Беделбаев, «Жастар ресурстық орталығы» КММ бас бухгалтері Гүлдан Берікова, «Қордай шамшырағы» газетінің бас редакторы Шолпан Сабанова қатысты.
Іс-шараның ашылу тізгінін колледж түлегі, 2013 жылы Жамбыл облысының үздік 100 студенті қатарына кірген, облыстық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Төлеген Қыдырбек «Қордайым менің» атты әсерлі әнімен бастады. Аталмыш шара мекеме директоры А.Намазованың «Кадрларды даярлаудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы баяндамамен жалғасын тапты. Жиынның негізгі бөлімінде «Бастауыш білім беру» мамандығының 4-курс білімгері Аяжан Етекбаева білім беру мекемелеріндегі өткен педагогикалық тәжірибесімен бөлісті.
Сондай-ақ, кездесу барысында «Мамандықтар дефилесі» ұйымдастырылып, өз мамандықтарын қорғады. «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» мамандығынан «Ұстаз-ұлы тұлға» жөнінде шағын диалог құрастырды. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы балаларды жылдам сөйлетуге арналған дидактикалық ойындар көрсетті. «Құқықтану» өз ісінің маманы болатынын дәлелдеп, заңдармен жұмыс атқарудың маңыздылығын қарастырды. «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрстеу, жөндеу және пайдалану» мамандығының студенттері қазіргі таңдағы мамадықтың қажеттілігі туралы сөз етті.
Атаулы іс-шараның қорытынды бөлімінде бірнеше жылдар аралығында колледж ұжымымен бірлесе жұмыс істеп, әлеуметтік серіктестіктің дамуына, түлектердің жұмыспен қамтамасыз етілуіне қосқан үлестері үшін оқу орнының серіктестері алғыс хатпен марапатталды. Арнайы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетовтің алғыс хатымен «Бәйтерек» бөбекжайының меңгерушісі Саракүл Заурбаева, № 2 М.Ломоносов атындағы орта мектебінің директоры Индира Дауткулова марапатталды. Бұл ұзақ жылғы еленген еңбектің жемісі деп білеміз.
Келелі кездесу барысында жұмыс берушілер өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтып, жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.