Берікхан Иманқұлов – 45 жыл көлік тізгіндеген тәжірибелі жүргізуші. Өмір бойы темір тұлпардың рөлінде отырған азамат зейнетке шыққанда немен айналысамын деп ұзақ ойланбастан, сүйікті ісін бизнеске айналдыруды шешкен.
Отар ауылының тұрғыны жуырда жол бойындағы сервис кешенін ашқалы отыр. Шағын кешенде қандай қызметтер көрсетілетінін кәсіпкердің өзінен сұрап білдік. «Мен өмір бойы көлікте отырғандықтан, жүргізушілердің мұңын жақсы түсінемін. Көлік жолда келе жатып кенеттен бұзылып қалуы мүмкін, оны жөндеуге қосалқы бөлшектер қажет болады. Ауылдың азаматтары осындай жағдайда аудан орталығына бармай-ақ, темір тұлпарларын өзіміздің ауылдан-ақ жөндеп алса керемет емес пе?! Сондықтан осындай техникалық қызмет көрсету орталығын ашуды жөн көрдім. Сонымен қатар қосалқы бөлшектер дүкенін және көлік жуу орнын ашсақ деген жоспар бар. Яғни, бізге келген автокөлік иелері көліктерін өздері жуа алатын болады. Бұл тиімді бизнес әрі клиент қалтасына да аса көп салмақ түсірмейді. Мұндай қызмет көрсету орталықтары ірі қалаларда көп кездеседі»,-дейді Берікхан Төстенбайұлы.
Кәсіпкер екі ай бұрын құрылыс жұмыстарын бастап, бүгінде оның 50%-ы аяқталған. Осы уақытқа дейін ол 15 млн теңгедей жұмсағанын айтады. Құрылыс басында қазір үш адам жұмыс істеуде. Іргетасы құйылып, қабырғалары көтерілген нысанның енді олар төбесін жабу жұмыстарына кіріскен.
Берікхан Иманқұловқа ойға алған ісін жоспарға сай орындау үшін қомақты қаржы қажет екені түсінікті. Осы ретте ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қордай аудандық филиалына көмекке жүгінген. Нәтижесінде бүгінгі таңда кәсіпкерлік негіздерін оқып, жеңілдетілген несие алуды жоспарлауда. «Мемлекеттің қолдауын тиімді пайдалана білу керек деп есептеймін. Кәсіп бастаймын деген адамға қазір барлық мүмкіндік бар. Бастысы іздену керек, кедергілер туындаса, мойымау қажет. Алла қаласа, құрылысты жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп отырмыз»,— деп алдағы жоспарларымен бөліскен кейіпкеріміз болашақта ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуды да қолға алмақ.
Сәуле Мұхадинқызы