Өмірбаян
ТАШКАРАЕВ ҚУАНДЫҚ САҒЫНБАЙҰЛЫ 1987 жылы 5 ақпанда Өзбекстан Республикасында дүниеге келген. Ұлты: Қазақ, білімі жоғары.
2008 жылы «Қордай гуманитарлы-экономикалық» колледжінде «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын бітірген.
2021 жылы Тараз қаласы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын бітірген.
Еңбек жолын 2008 жылы – Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Бетқайнар ауылындағы №27 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған.
2015 жылдан Бетқайнар ауылындағы №27 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.
Үйленген, 5 бала тәрбиелеуде.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті Бетқайнар ауылдық округінің тұрғындары!
Мен Бетқайнар ауылдық округінің әкімі қызметіне сайлау арқылы келсем, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, елді мекеннің тұрақты дамуына бағытталған мынадай жұмыстарды жүзеге асыруға күш саламын:
— Экономиканы дамыту: Ауылдық округ аумағында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіп, жұмыс орындарын көбейтуге жағдай жасаймын. Жергілікті кірістерді тиімді жоспарлап, ашық әрі әділ пайдалануға мән беремін.
— Ауыл шаруашылығын қолдау: Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялар мен техникалық қолдауларға тұрғындардың еркін әрі әділ қол жеткізуіне жағдай жасаймын.
— Инфрақұрылымды жақсарту: Ішкі жолдарды жөндеу, көше жарықтарын орнату, ауыз су және интернет желілерін дамыту бағытында нақты жобалар әзірлеп, тиісті мекемелермен бірлесе іске асырамын.
— Әлеуметтік қолдау: Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүгедек жандар мен қарттарға көмек көрсету механизмдерін жетілдіріп, демеушілерді тарта отырып қайырымдылық іс-шараларын
күшейтемін.
— Жастар мен білім: Жастарды отансүйгіштікке, еңбекке баулу бағытында мәдени, спорттық және тәрбие шараларын тұрақты ұйымдастырамын. Білім беру мекемелерімен тығыз байланыс орнатып, білім сапасына үлес қосамын.
— Жер мәселесі: Жайылымдық және егістік жерлерді әділ үлестіру, пайдаланылмай жатқан жерлерді тиімді айналымға қосу мәселесін тұрғындармен бірлесіп шешуге жұмыс жасаймын.
— Қоғамдық келісім: Ауыл тұрғын-дарының пікірін ескеріп, ашық әкімдік қағидатын ұстанамын. Кез келген мәселені халықпен бірге ақылдасып, әділ шешуге күш саламын.
Ауылдың өсіп-өркендеуі – әрбір азаматтың ортақ тілегі. Мен өз білімім мен тәжірибемді ауыл игілігіне жұмсап, ел сенімін ақтауға дайынмын. Ауылымыздың келешегі жарқын болуына бірге атсалысайық!