«БИІКТІК – бұл менің таңдауым»

0

Бүгінгі қоғамда әйелдер араласпайтын сала жоқ десек қателеспейміз. Әрі қай мамандықтың иесі болса да, биікке өрлеп, ерге бергісіз қабілетімен талайды тамсандырып жүрген нәзік жандылар арамызда көп-ақ.

Өткен жұмада редакцияға бойшаң келген, сұлу мүсінді, ашық-жарқын бір әйел кіріп келді. Ол кран машинисі – Оксана Глазетдинова еді. Ер-азаматтардың өзі жүрексінетін бұл қызмет түрімен айналысып келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. Оксанамен әңгімелесіп,  салаға қалай келгені және жұмысының қыр-сыры жайында сұрап білдік.

Қордай ауданының тұрғыны Оксана Валерьевна – Мойынқұм ауданы «Шығанақ» станциясында орналасқан «Эврика-Барит» ЖШС-де мұнара аспалы кранның машинисі болып жұмыс істейді. Айта кетейік, «Эврика-Барит» ЖШС-гі барит рудасын өндірумен айналысатын Жамбыл облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Аталмыш кәсіпорынның қызметкері Оксананың міндеті – кранның жағдайын күнделікті бақылап, содан соң техниканың көмегімен 1,5 тонналық қаптарды көліктерге салып, жөнелтіп отыру. Мұның бәрін ол 30 метр биіктіктен басқарады. Ол өз жұмысының қиын еместігін, жиырма жылдың ішінде үйреншікті болып кеткендігін айтады. «Биіктік – бұл менің таңдауым»,-дейді өзі.

Оксана Ақсүйек ауылының тумасы. Қазір жұмыс істеп жатқан кәсіпорын бұрын сол жерде орналасқан екен. Тұрақты табыс табуды мақсат еткен ол кран басқаруды сол кезде үйреніпті. «Өндіріс орны өзі оқытты. Бастапқыда, әрине, қорқыныш болды. Бірақ, менің бастығым айтпақшы, «Бәрі уақытпен және сынақпен келеді». 10 жылдай сол жерде мұнаралы кранда жұмыс істедім, вагондарға жүк тиейтінмін. Біздің жұмыс өте қауіпті. Тіректі кранның биіктігі – 10 метр, аспалы кранның биіктігі – 40 метрді құрайды. Аспалы кранда істеп жүргенімде аман-есен түсейінші, деп Құдайдан сұрайтынмын. Өйткені балаларым бар. Бір күні оқыс оқиға орын алды. Желді ауа-райының салдарынан кран құлап, ана дүниеге аттана жаздағанмын. Қайта дәл сол уақытта мен төмен түсіп үлгергеніме шүкір»,— деген ол қызмет жолында түрлі жағдайлар орын алғанын айтады. «Бұл жылдар ішінде жылататын да, күлдіретін де оқиғалар болды ғой. Қараша айының соңы, дала тас тұман. Оған қарамай біз көліктерді жөнелтіп жатырмыз. Мен жүк ілдірушінің бұйрығымен ғана жұмыс істеймін. Ол маған төменде қолымен бұйрық беріп отырады. Сол кезде бір қызметкеріміз қаптарды тиегенге көмектеспекші болады. Бірақ қолында арнайы қолғабы жоқ, мен жүк ілдірушінің бұйрығымен қапты көтере бергенде байқамай әлгі кісінің саусағын жаншып алыппын. Осы оқиғадан кейін өзімді кінәлі сезініп, жұмыстан кетуге арыз жазған болатынмын. Бірақ басшылық басқа істейтін адам жоқ деп жібермеді», -дейді Оксана.

Иә, оның  мамандығын естіген адам таңданысын жасыра алмайды. Ал өзі бұл жұмысын жақсы көреді. Оксана вахталық әдіспен жұмыс істейді, 15 тәулік өндірісте, 15 тәулік – Қордайда, отбасының жанында. Десекте, күш-жігері тасыған келіншек демалыста да қол қусырып отырмайды екен. Ол адамдарға өзінің клинингтік қызметін көрсетеді. Үй-жайды тазалаумен айналысып келе жатқанына 4 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында тұрақты клиенттерін де жинап үлгерген.

«Егер адамда таңдаған кәсібіне деген қызығушылығы, жүрек қалауы болмаса, оған кірісудің қажеті жоқ», деп санайды Оксана. «Бізге түрлі қыз-жігіттер келеді, осы күнге дейін сегіз адамға кранды басқаруды үйретіппін. Қазір мысалы, 20 жасар бойжеткен менің жанымда өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Бірақ мен барлығына биіктікте жұмыс істегенше, жерде жүріңдер деп кеңес беремін. Өйткені, біздің жұмыста қауіп-қатер көп және жұмыс көлемі де үлкен. Тәулігіне 12 сағат жұмыс істейміз. Бұрын уақытқа қарамай, жұмысымды аяқтамайынша төменге түспейтінмін. Бір күні дала тас қараңғы, кранның ішінде отырмын. Төменге қарасам, бәрі қайтып бара жатыр, мені ұмыт қалдырып»,-деп күледі кейіпкеріміз.

Кран машинисіне қойылатын басты талап – қан қысымының қалыпты болуы, көзінің көруі және есту қабілеті жақсы болуы қажет. Оксананың жұмыс күні күнделікті медицина маманынан тексерістен өтуден басталады. «Алкотесттен өтеміз, қан қысымымызды тексереді, барлығы дұрыс болса ғана жұмысқа кірісеміз. Ал кранға отырғаннан кейін, басқа нәрсемен айналысуға құқым жоқ. Бұл үлкен жауапкершілік. Краншы кез-келген ситуацияға дайын болуы қажет»,-дейді ол.

Нәзік иығымен нардың жүгін көтеріп жүрген Оксана Валерьевна ерлерге тән жұмысты істесе де, ешқашан өзінің «әйел» екендігін ұмытқан емес. Бұл оның жып-жинақы сыртқы келбетінен, сұлу жүзінен байқалып-ақ тұр. Оксана цехта жалғыз әйел екен. Қызметтестері оны өжет, ақкөңіл мінезінен бөлек, тәжірибелі білікті маман ретінде құрмет тұтады. Жолдасы да жанында, карьерде жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Екеуі – екі қыздың ата-анасы, тәп-тәтті немерелерінің ата-әжесі.

P.S. Оксана секілді жігері жасымаған, ісіне мығым, алдында тау тұрса да тайсалмайтын өжет мінезді жандармен аз уақыт болса да әңгімелескенде ыстық күнде мұздай бұлақтан шөліңді қандырғандай күй кешесің, өмірге құштарлығың арта түседі…

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.