Құрметті қордайлықтар!
Мен Көшкін Жұмаханұлы Арықбаев, Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны, Албан-Қожбанбет-Жолдыбай ұрпағынанмын, зейнеткермін. Соңғы жылдары архивтерде, кітапханаларда көп отырып, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары мал-мүлкі тәркіленген байлар туралы және олардың ұрпақтарының тағдыры жайлы деректер жинастырып жүрмін.
1928 жылы Кеңес өкіметінің «Байларды конфескелеу» туралы шешімі жалпы қазақ халқы үшін қаралы нәубет болғанын тарихтан білеміз. Байлардың малын тартып алып, өздерін жер аударды, атып өлтірді, отбасы әулетіне де зорлық-зомбылық жасады, ұрпақтарын қуғын-сүргінге ұшыратты.
Сол байлардың қамқорлығында болған қаншама адамдар күнкөрісінен айырылып, жоқ-жітікке айналды. Алматы облысы бойынша кәмпескеге ілінген ірі байлардың тізімінде 79 адам болды. Қарқара ауданынан – жеті адам, Еңбекшіқазақ (бұрынғы Голощекин) он бір адам.
Тізімдегі № 5-ші болып тіркелген Дәулетбек Дәркембайұлы туралы бала кезімізде аталарымыздан естіп өстік. Ол Албанға белгілі, би болған, қажыға барған қадірлі адам екен.
Айналадағы жұртқа қайырымы мол деп айтатын. Міне, осындай қаншама адамның тағдыры талқан болды, ұрпақтары қуғынға ұшырады.
Менің қолымда архивтен алынған екі құжат бар. Соның бірі, 1928 жылы «Тілші» газетінде жарияланған №114-ші тізімде Алматы округі бойынша мал–мүлкі тәркіленетін байлар қатарында Қордай ауданынан екі адам – Құлажан Ақатайұлы мен Мүсәпір Қожамбердіұлының, сондай-ақ Шоқбар ауданынан Атош Тілеужанұлы, Әлімбай Маркенұлы, Сапанбай Маркенұлы, Мешітбай Әмірбекұлы, Есмамбетбай (Сәмбетбайұлы) Оразалі деген кісілердің аты-жөні бар.
Ол жылдары Қордай ауданы Алматы облысына қарайтын, Шоқбар (Шоқпар) да сол аймақта ғой деп өздеріңізге қайырылып отырмын.
Кәмпескеге ұшыраған осы аталған адамдар туралы, олардың ұпақтарының тағдыры жайлы білетіндер болса, мына телефондармен (87775151713; 87079738602) маған хабарласса екен. Екі жылдан соң сол нәубетке 100 жыл толады. Осыған арнап кітап шығармақ ойымыз бар.
Көшкін Арықбаев,
Талғар қаласы,
Алматы облысы.