Мектеп оқушылары үшін қиындық тудыратын тақырыптарды іріктей отырып, есептерді шығарудың тиімді жолдарын үйрету барысында тыңдаушылар неге көңіл бөлуі керек деген сауалға жауап табу әрбір мұғалімнің міндеті. Роджер Бэкон «Математика – барлық ғылымдардың тұңғышы және оларға пайдалы да, қажет те» деген сөзінің жаны бар.
Математика – адам логикасын дамытуға ықпалды пән. Қордай ауданында курсқа қатысушы педагогтердің біліктілігін көтеруге деген ынтасы жоғары, қызығушылығы зор екеніне курс барысында көз жеткіздім. Курс барысында тыңдаушылар математикалық модельдеу негізіне сүйене отырып,дарынды балаларды оқытудың мазмұны мен әдістемелерінің ерекшеліктерін іріктеп, талдап, алгебралық, геометриялық есептерді шешудегі математикалық модельдеуге, экономикалық мәселе есептерді шешуде математикалық модельдеуді қолдану, дарынды балаларды оқыту үшін, күрделілігі жоғары есептерді шешудің тиімді әдіс-тәсілдеріне тоқталып, талқылап, дарынды балаларды оқытудағы сараланған тәсіл, сыни тұрғыдан ойлау және шығармашылық қабілеттерін дамыту, математиканы оқытуда қосымшалар мен интерактивті модельдерді қолдану, ұжымдық жұмыс жасау үшін онлайн құралдарды пайдалану арқылы математикалық жобалармен жұмыс жасауды үйренуде. Интерактивті технологияларды қолданып, тапсырмалар мен жаттығуларды математика пәні бойынша білім беру платформаларын сабақта қолдану мен Lesson Study технологиясының теориялық мазмұнын курс барысында меңгеріп,өз практикасында қолдануды жоспарлауда. Курсқа қатысқан математиктердің тәжірибе алмасудағы, есеп шығарудағы белсенділігі жаңашыл әдістемені жылдам игеруге септігін тигізуде. Жаңа жүйені оқушыларға қолдану барысында тиімділігін саралап, курс жұмысының қорытынды кезеңінде өзара талқыладық. Талқылау кезінде ұстаздар курстан үйренгендерінің маңыздылығына тоқталып, «Жамбыл-Өрлеу» кәсіби дамыту институтының көшпелі курстарына ризашылықтарын білдіріп, алғысын айтуда. Мен көшпелі курстар өткізуде ұстаздардың уақытын тиімді пайдалануын, тәжірибемен ұштастырып отыруын назарға алдым.
Парида Каркабаева, «Жамбыл-Өрлеу» кәсіби дамыту институтының тренері