Қордай ауданында ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жас мамандар аз емес. Солардың қатарында Масаншы ауылындағы Әл-Фараби атындағы орта мектептің жас ұстаздары – Сәмен Абай мен Батырхан Керімбай бар. Олар мемлекет ұсынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып, туған жердің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
Аталған мемлекеттік жоба ауылдық жерлерді білікті кадрлармен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бағдарлама аясында ауыл мектептеріне жас мамандар тартылып, білім саласына жаңа леп әкелуде. Бүгінгі таңда ауылдың келешегі осындай жігерлі, жаңашыл ұстаздардың қолында екені сөзсіз.
Солардың бірі – Сәмен Абай. 2002 жылы Қаракемер ауылында дүниеге келген ол 2019 жылы ауыл мектебін тәмамдап, кейін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Тарих пәні» мамандығы бойынша білім алды. Университет қабырғасында жүріп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы естіп, ауылға барып еңбек етуді мақсат еткен.
2024 жылдың ақпан айында ол Масаншы ауылындағы Әл-Фараби атындағы орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып қабылданды. Қазір күн сайын туған ауылы Қаракемерден Масаншыға барып-келіп, шәкірт тәрбиелеуде.
Абайдың ұстаздық жолға түсуіне анасының әсері зор. Анасы – 20 жылға жуық тәжірибесі бар, Қаракемер ауылындағы Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
– Анам үнемі «мұғалім болу – ең жауапты әрі сауапты іс» деп айтатын. Сол сөз менің санама сіңіп, ұстаздық жолды таңдауыма себеп болды, — дейді Абай Романұлы.
Жас педагог өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.
– Ауыл мектебінде жұмыс істеу – үлкен тәжірибе. Мен мұнда балаларға тарихты үйретіп қана қоймай, туған жерін сүюге, ел тарихын құрметтеуге баулимын, – дейді ол.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ұстаздық жолға түскен тағы бір жас маман – Керімбай Батырхан. Ол 2002 жылы Ауқатты ауылында дүниеге келген. №9 орта мектепті бітірген соң, 2020-2024 жылдары Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде «Шет тілдері» факультетінде білім алған.
2024 жылдың қараша айында Батырхан Масаншы ауылындағы Әл-Фараби атындағы орта мектепке ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты.
Бағдарлама аясында Қордай ауданы әкімдігінен 390 мың теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы алған.
– Ауыл балалары да үлкен армандарға лайық. Менің мақсатым – олардың ағылшын тілін меңгеріп, әлемдік білім мен мәдениетке ашық болуына жағдай жасау, — дейді жас ұстаз.
Батырхан сабақтарын түрлі ойын элементтерімен, заманауи әдістермен өткізіп, балалардың тілді үйренуге деген ынтасын арттырып жүр.
Жас мамандардың ауылға келуі – білім саласына жаңа серпін береді. Абай мен Батырхан өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ауыл балаларының сапалы білім алуына үлес қосып жүр. Мұндай бастамалар жастарды туған жеріне тартып, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыра түспек.
Сәуле Мұхадинқызы