БІЛІМ НЫСАНЫНДАҒЫ КЕМШІЛІКТЕР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

0

Қордай аудандық қоғамдық кеңесі үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жоспарына сәйкес аудандағы арнаулы білім беру мекемелерінің мемлекеттік бағдарламаларын орындау сапасын ішінара зерделеу жүргізуде. Қоғамдық кеңес мүшелерінің зерделеу жүргізген келесі білім ошағы – Қордай ауылшаруашылық колледжі болды. Колледжде психолог пен әлеуметтік педагогтың жұмыстары дұрыс бағытта жүргізілуде.
Білім нысанында 7 мамандық бойынша мамандар дайындалады, олар ветеринария, агрономия, дәнекерлеу ісі, ауылшаруашылығын механикаландыру, зоотехника, электр жабдықтары, фермер шаруашылығы, 2022-2023 оқу жылына барлығы 168 білімгер қабылданған, бүгінгі таңда 520 білімгер білім алуда, оның 409 мемлекет есебінен 111 ақылы есепте, олар жылына 85,0 мың теңге төлеп оқуда, бұл қаражат білімгерлердің оқуына және оқытушылардың еңбекақысына жұмсалады.
2021 жылы агрономия мамандығын 23 білімгер аяқтап, оның 19-ы жұмыспен қамтылған, сол сияқты ветеринария мамандығын 42 адам аяқтап, 31-і жұмыспен қамтылған, қысқаша мәліметке тоқталсақ, оқуларын аяқтаған білімгерлердің орта есеппен 75 пайызы тұрақты немесе мерзімдік жұмыстармен қамтылған, бірақ басым көпшілігі мамандықтарына сәйкес емес жұмыспен қамтылған, мысалы ветеринария мамандығына оқып, такси қызметін көрсетеді, немесе аспазшының көмекшісі, тәрбиешінің көмекшісі болып тіркелгендіктері туралы анықтамалар алынған. Ветеринария мамандығын аяқтаған 73 адамның мәлімет бойынша 53-і жұмыспен қамтылса, зерделеу барысында 13 адам ғана мамандықтарына сәйкес тіркелгендігі белгілі болды. 2022 жылы дәнекерлеу ісі бойынша 23 білімгер оқуларын аяқтап, оның 2-і жұмыспен қамтылған, бірақ мамандықтарына сәйкес емес, фермер мамандығын аяқтаған 23 жас маманның 2-і ғана жұмыспен қамтылған, ауылшаруашылық мамандығы бойынша 48 жас маманның 5-і ғана жұмыспен қамтылған.
Осы ретте төмендегідей сұрақтар туындайды:
1. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы жұмыстар жүргізіледі ме?
2. Егер мамандықтар сұранысқа ие болмаса неліктен оқытылады, неліктен мемлекеттің қаржысы жұмсалынады?
Аталған колледжде шешімін таба алмаған мәселелер бар, атап айтқанда, колледжге тиесілі 328 га жер болған, оның 250 га инвестициялық жобаға алынып, теңгерімде 81 га ғана жер қалған, қазіргі уақытта жерді қайтарып алу мәселесі шешімін таппаған, жер өздерінің теңгерімінде болған жағдайда бар техниканы пайдаланып білімгерлердің тәжірибеден өтуіне және материалдық техникалық базаларын жаңартуға көмек болар еді, қаржының жетіспеу себебінен бар жердің өзі де игерілмей тұр. /Техникадан 1 дана комбайн, 2 дана трактор, 1 дана соқа, 1 дана тұқым сепкіш, 1 дана тұқым тазалағыш, шөпшапқыш, тырналағыш, пресс 1 дана бар./
Колледждің негізі 1957 жылы қаланған, 1968 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, есік-терезелері ағаштан, кеуіп-құрғаған. Монша, асхана, 2-ші жатақхана қолданыста емес, апатты жағдайда. Оқу ғимараты мен 1-ші жатақхана ішінде жылу жүйелерінің тозығы жеткен. Негізгі корпусқа жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы жобалық сметалық құжат дайындалып, 2023 жылдың наурыз айында білім басқармасына тапсырылған, бірақ қаржы қарастырылмаған.
Колледж басшылығымен колледждің материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында тиісті жұмыстар жүргізілмеуде.
Үлкен мәселенің бірі – білімгерлердің оқу процесіне дұрыс қатыспаулары, мысалы зерделеу жүргізілген күні дене шынықтыру сабағында 20 білімгердің бар болғаны 4-і қатысқан, тарих сабағында 24 баланың 7-і сабақта отырған.
Зерделеу қорытындысы қоғамдық кеңес отырысында қаралып, тиісті ұсынымдар берілді.

Б.ҚАРАМОЛДАЕВА, аудандық қоғамдық кеңес төрайымы

Leave A Reply

Your email address will not be published.