БІЛІМ – ЫРЫСТЫҢ ТІЗГІНІ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл ретте, болашақ жұмысшы маман иелерін білімге баулитын №7 Бетқайнар колледжінің педагогі Айнұр Абдұлмақсұтқызының аз-кем жетістігін баян етпекпіз.

Талабы таудай кейіпкеріміз 1993 жылдың 16 желтоқсанында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жақаш ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Абдұлмақсұт Мәдібаев пен анасы Бақыткүл Төлебаева орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері, әжесі Дина Жанпейісова бастауыш сынып мұғалімі, ал атасы аталмыш ауданда мешіт имамы болған. Айнұр бес ағайынды, отбасындағы төртінші перзенті.  Алғашқы білімін Жақаш ауылындағы А.Суханбаев атындағы орта мектебінде алып, 7-сыныптан бастап Тараз қаласындағы дарынды қыздарға арналған қазақ-түрік лицейінде жалғастырған. «Білімдіге дүние жарық» дейді дана халық мәтелі. Атап айтар болсақ, жеткен жетістіктері де аз емес көрінеді. 2012 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығына түсіп, 3-курста Н.Назарбаев атындағы стипендияның иегері атанады. 2016 жылы университетті үздік дипломмен тәмамдап, сол университеттің «Экология» мамандығы бойынша магистратурасын аяқтайды. Президенттік шәкіртақы иегері және жаратылыстану ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленген. Екінші жоғары білімі бойынша ағылшын тілі пәнінің оқытушысы. Білім жолындағы кәсіби тәжірибесіне тоқталар болсақ, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мекемесінде карантинді анықтаушы қызметінен бастайды.

2021 жылдан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты №7 Бетқайнар колледжінде «Фермер шаруашылығы» мамандығы бойынша арнайы пәндер оқытушысы қызметіне кірісті және педагог-модератор біліктілігін алды. 2022 жылдан бері колледж әдіскері болып қызмет атқаруда. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп ұлы Абай айтқандай Айнұр Абдұлмақсұтқызы – шығармашылық саласының жарқын өкілі. Шығармашыл тұлға ретінде аудан және облысымызға танымал. Айнұрдың шығармашылығы мен еңбегі бірнеше мәрте жоғары марапаттарға ие болды. Бірқатар жетістіктерін тізер болсақ, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ғасырлар тоғысында асқақтаған — Жамбыл» жас ақындар мүшәйрасында III дәрежелі диплом және Алғыс хат иегері атанған. Сонымен қатар, «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының облыстық фестивалінде «Жаңғыру – қоңыраудан басталады» атты авторлық шығармасы үздік деп танылып, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы дипломымен, ең үздік өнер көрсеткені үшін Қордай ауданы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы алғыс хатымен марапатталған. Оның жырлары жүректен шығып, оқырманның жүрегіне жететін әсерлі туындылар. Айнұрдың ақындық жолы шығармашылық пен кәсіби еңбектің үйлесімдігі арқылы өріліп, білім мен мәдениет саласында өз орнын айқындаған.

«Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесіне орай ауданда тіл мәртебесін асқақтатып, ұзақ жылдар бойы ұйым жұмысына араласып, ұрпақ санасына сіңіруге, мемлекеттік тілді өркендетуге лайықты үлес қосқан үшін, сонымен қатар «AMANAT» партиясының бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асырып, партияның беделі мен рөлін көтеруге араласқаны үшін аудандық филиалының тарапынан Алғыс хатпен марапатталған.

«Педагог ретінде ұрпақ тәрбиесіне өз үлесімді қосуға барымды салудамын. Елдің болашағы білімді жастардың қолында екені анық. Бүгінгі жас — ертеңгі маман. Сондықтан білімгерлеріме сапалы білім беруге, біліктілігімді арттырып отыруға тырысамын.  Қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Әр сабақты білімгерлеріме түсінікті етіп, олардың білім алуға деген ынтасын ояту үшін көп ізденемін. Сонымен қатар ағылшын тілін жетік білуге, білімгерлерімді тіл білуге құштарлығын оятуға тырысамын. Нәтижесінде, білімгерлерім түрлі байқауларда жүлделі орын алып  жүр, олармен бірге мен де білімімді шыңдап, біліктілігімді арттырып келемін. Мен әрбір бала — нағыз талант иесі дер едім. Оларға тәуелсіз елімізде сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған», — дейді кейіпкеріміз.

«Шын отансүйгіштік дегеніміз –жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету» деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ұстаздар мәртебесін арқалаған мамандар ел ертеңі үшін, Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры берік болуы жолында еңбек етуі тиіс. Ұстаз еңбегін дәріптеп, оның маңыздылығын ерекше атап өту – әрбір азаматтың борышы. Қорыта келе, педагогтің қоғамдағы мәртебесі қоғамның білімге, этикаға және мәдени мұраға деген адалдығының көрінісі болып табылады. Оларды бағалау-болашаққа инвестиция.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.