БІЛІМІН ТҮРКИЯДА ЖЕТІЛДІРМЕК

0

Ұстаз үшін — өз шәкіртінің жетістігін көргеннен асқан бақыт жоқ. Еңбек жолымда қанша бала тәрбиелеп, үлкен өмірге қадам бастырған жан едім. Сол шәкірттерімнің алды, үздігі бола білген оқушым туралы сыр шертпекпін.

Масаншы ауылының тұрғыны Алим Каровты алғаш көргенімде: «Адам болатын бала алысқа қарайды», — деген сөздің мағынасын түсінгендей болдым. Сыныбыма келген күннен әр істі байыппен ойлана орындайтынын аңғардым. Өмірге деген көзқарасы да адам ойланарлық еді. Кішкентайынан діни әңгімелерге әуес болып өсті. Абыз, ғұламалардың даналық сөздерін көп оқитын. Өмірге терең көзқараспен қарайтын.
Зейінді, зерек Алим аталған ауылдың мектебінің 9- сыныбын аяқтап, Сарыағаш медресе –колледжіне оқуға түсті. Құранды оқу ережелеріне сай, ерекше оқи алды. Тәжуид ғылымын жан –жақты меңгеріп, жеті қағидаттың мәні мен ерекшеліктерін, аяттардың тафсирі мен түсірілу тарихын толық оқып шығып «Қари хафиз» атанды. Осылайша, медресені қызыл дипломмен аяқтады.
Алим Сардиұлының жетістіктері де біршама. Мысалы, Құран жаттау орталығында 30 пара толық Құран Кәрімді жаттағаны үшін арнайы сертификат берілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастаруымен өткен «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ІХ Республикалық байқауына» қатысып, белсенділік танытқаны үшін «Алғыс хатпен» марпатталды. 2022 жылдың 10 мамырында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасында Түркиядан келген академия мектебінің делегациясы қосымша білім алу үшін қазақ тілінен үздік кари таңдау мақсатында тест өтті. Алим Каров тест нәтижесі бойынша жоғары ұпай жинап, Түркияның Измир қаласындағы Әлім мектеп-академиясына оқуға түсті. Елордамызда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркиядағы «Хасеки» академиясына оқуға қабылданған шәкірттермен кездесіп, сәттілік тілеген еді. Сынақ тапсырған жүзге жуық талапкердің 24-і үздік деп танылған болатын. Әрине соның бірі — Каров Алим Сардиевич болды. Бас муфти өз құттықтауын білдіре отырып, шет елге жол тартпақ болып отырған балаларға: «Ізгі ниетпен, ықыласпен білім алып келулерін» тапсырды.
Шәкіртім бүгінгі таңда Түркия елінің «Хасеки» институтында 1 курс білімгері. Құдай қаласа үш жылдан соң, дінтану маманы болып келеді. Мен өз шәкіртімнің жетістігін зор қуанышпен айтып, мақтанамын. Биылғы оқу жылында оқушылардың зейіні ашылып, ұстаздардың мәртебесі арта берсін демекпін. Жаңа оқу жылдарыңы құтты болсын!

Айнұр Джугебаева,
№ Масаншы орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.