Ер азамат атына, халық қакарына мінген кешегі сұрапыл соғыста бір әулеттен бірнеше адамның қолына қару алғаны аз емес. Олардың қан майданнан омыраулары орденге толып, жүздері жарқырап үйге аман оралғандары некен-саяқ. Көпшілігі жат жердің топырағын жамылып қалды, тіпті, ешбір дерегі болмай хабар-ошарсыз кеткендері қаншама?!
Солай, соғыстың өрт жалынын белуардан кешіп бір әулеттен жалғыз келгендердің бірі Жұмағұл Сыбанов болатын. Ол Өріктіні мекен еткен Құттықадам елінде Сыбанның бес ұлының бірі еді. Жасырақ кезінде олар — Жұмағұл, Шолпанқұл, Дүйсенқұл, Мұсағұл, Смағұл болып көшеге шыққанда ешкімге дес бермейтін екен. Ағайындылардың «бес шоқпар» атанып жүретіні де содан көрінеді. Олар ат жалын тартып мінгеннен-ақ кеңестік саясатты жақтап, байларды кәмпескелеуге қатысқан. Жұмағұл коммунистік партияға өткен. Соғыс басталған жылы жасы 45-ке таялып, әскерге шақырылатын жастан асып тұрса да, артына әйелін, балаларын қалдырып өз еркімен майданға аттанады. Артынша бірінен кейін бірі төрт бауыры да соғысқа алынған. Тағдырдың жазуын қараңыз, сол інілерінің ешқайсысы туған топырағына қайтпады да, тек Жұмағұл ғана ауыр жараланып елге оралды. Жұмағұл Сыбанов 1942-1944 жылдар аралығында 39-шы полкте сержант шенімен атқыш болыпты. Екі мәрте жараланған. Бірінде Ленинград майданындағы бір сұрапыл шайқаста сол жақ шықшытынан тиген оқ оң жағынан тесіп өтіп екі азу тісін жұлып кеткен. Емделіп қатарға қосылып, жауға қарсы ұрысты қайта жалғастырады. Бірақ, 1944 жылы жақыннан жарылған снаряд жарықшағы оң аяғының тірсегін тіліп кетеді. Госпитальда қанша емделгенмен аяғы бұрынғы қалпына келмейтін болып, дәрігерлік комиссия екінші топтағы мүгедек деп танып елге қайтарады. Ол соғыста жүргенде, ауылдық жердегі медицинаның жағдайы белгілі ғой, екі ұл, бір қызы жастай домалатпайдан шетінеп кеткен-ді. Елге келгесін, коммунист Жұлдағұл кемтар аяғын алға лақтыра сылти басып жүріп-ақ бейбіт өмірге белсене араласады. Қызылсай өңірінде сүт фермасын ұйымдастырып, майданға сүт өнімдерін жіберуге бастамашы болады. Көзі ашық, еті тірілігімен тез көзге түсіп мұғалімдер курсына жіберіледі. Елуінші жылдары Алматы облысы, Ақтерек ауылында мұғалім, кейіннен директоры болады. Сол жерде жүріп Күшаймен көңіл қосады. Одан кейін Қаракемер, Керу, Қызылсай ауылдарында мектепте мұғалім болады. Күлшай жылдар өтсе де өздерінен бала болмағасын, Жұмағұлды соғыстан қайтпай қалған Смағұлдың жесірі Мәруамен бас қосуға көндіреді. Өйткені, ол келіннің қолында бауырынан қалған жалғыз тұяқ Керімқұл бар еді. Әлі жас ол баланың жат болып кетпеуін, әрі Жұмағұлдан да ұрпақ қалсын деген ақ тілеумен екеуін қосады. Бұл некеден Бекбосын, Оралкүл, Орынтай деген бір ұл, екі қыз өмірге келеді. Бекбосынды жөргектегі кезінен Күлшай өз бауырына басып, Жұмағұл үшеуі Ауқаттыда тұрыпты. Әмеңгері Мәруа болса үлкен ұлы Керімқұл әскерден келгесін екі қызын алып Қызылсайға көшеді. Бекбосын ержетіп, Ленин орденді «Трудовик» колхозында жүргізуші болып еңбек етеді. Көрші ауылдың қызы Зинакүлмен бас қосып, үбірлі-шүбірлі болады. Бекбосын он екі жасар кезінде әкесімен бірге Жеңіс мейрамында Алматыға барып, сонда атақты Бауыржан Момышұлын көргенін, майдангер ретінде әкесі кезінде үкіметтен мотоцикл, «Запорожец» көлігін мінгенін айтады. Зинакүл болса: — Атам немерелі болғанына қатты қуанды. «Немере көремін деп ойламап едім, маған ұрпақ сыйладың, қарағым» деп риза болған еді, -дейді. Ері шофер болса, өзі колхозда есепші, әкімдікте бас маман болып зейнетке шыққан екен. — Ал, жалпы атамыздың артында қазір он үш немере, жиырма бес шөбересі бар, бұған да шүкір, — дейді өзі де ақ шашты әже атанып отырған Зинакүл.
Жұмағұл қария 1994 жылы жасы жүзге таяп барып бала-шағасының алдында өмірден өткен екен. Ол кісі кезінде соғыстан қайтпаған бауырларын ұзақ іздепті. Әскери комиссариаттан берген тілдей қағазда, тек, Смағұлдың ғана дерегі табылған:
«Сыбанов Смағұл, қатардағы жауынгер, 1912 ж. Н.Александровка селосында туған, қазақ. Колхозшы. Әскерге Қордай аудандық әскери ком-да шақырылған. 1942 ж. қыркүйекте хабар-ошарсыз кетті» деген сараң жолдар ғана.
Кейіннен жарық көрген «Боздақтар» кітабында да сол, ал өзге үшеуінен әлі күнге дейін ешбір мәлімет жоқ. Тек, Ауқатты және Қызылсай ауылдарында соғыстан қайтпаған боздақтарға арналған тас ескерткіштерге есімдері ойып жазылғаны болмаса. Жұмағұлдың қара шаңырағын ұстап отырған Бекбосын мен Зинакүл аталарының 130 жылдығына және оның соғыстан қайтпай қалған бауырларының аруағына құран бағыштап, ас мәзіретін өткізбекші. Жарты әлемді жаңғыртқан соғыстың зардабы ұмытылмақ емес.
Құрманбек Әлімжан, ардагер журналист