«Бір кем дүние»

0

Жыл өткен сайын экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан әлеуеті арта түскен Қордай ауданында әлі де болса қажет дүние жетерлік. Ол ең алдымен халықтың сұранысы болып отырғаны да сұраныстың салмағын арттырып тұр. Осы тұрғыда бірнеше қажеттілікке тоқталып өтсек. Өйткені оның өзектілігі уақыт өткен сайын күрделеніп бара жатқандығы.

 

№1 қажеттілік: Көпбейінді аурухана

Былтыр өзінің мерейлі 100 жылдығын ауданымыздың орталық ауруханасы атап өтті.  Кадрлар ұстаханасы, мықты, білгір дәрігерлер тәрбиелеп шығарған, медициналық қызметкерелер династиялары еңбек еткен ерекше орын қазір тозып бітті. Аурухана аумағындағы ғимараттардың салынғанына кемінде 50-60 жыл болған. Қазіргі талаптарға ол ғимараттардың сай келмесі де заңдылық.

Шұғыл және жоспарлы емдеу-диагностикалық, стационарлық көмек көрсететін емдеу мекемесінде жылына жалпы 10 000-нан астам науқас емделеді екен. Аудандық  орталық аурухана 158704 тұрғынға қызмет көрсетуде.  Оның ішінде 14 жасқа  дейінгі 51 058  балаларға, 6 446 жасөспірімдерге 32 254 туу жасындағы әйелдерге  медициналық көмек көрсетеді. Орталық ауруханасының бөлімшелері орналасқан ғимараттар 1956-1992 жылдар аралығында салынған. Тозу көрсеткіші қазір 100% құрайды. Халық санының көптігінен былай аудандық дәрігерлерге қосымша жұмыстар да жетіп артылады. Мәселен,  Қордай ауданы аумағынан  «Алматы –Термез», «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық маңызы бар трассалар, облыстық маңызы бар жолдар өтеді.  Өкінішке орай жол-көлік оқиғалары орын алуына байланысты барлық зардап шекккендер осы ауруханаға түсіп жатады.  Зардап шеккендердің жаппай келуі кезінде хирургиялық бөлімде резервтік кереуеттердің жеткілікті санын орналастыруға мүмкіндік жоқ болғандықтан, дәрігерлер оларды дәліздерге орналастыруға мәжбүр. Ондай оқиғалар үнемі қайталанып тұрады.

Бүгінгі күні аталмыш денсаулық сақтау мекемесі  «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын және ҚР санитариялық нормалары мен қағидаларына  сәйкес келмейді. Бұл сәйкес келмеушілік онсызда жұмысы күрделі медициналық мекемеге үлкен ауыртпалықтар әкелуде.

Стационар үй-жайларында медициналық қалдықтарды уақытша сақтауға, жинау құралдарын сақтауға арналған арнайы бөлмелер, дезинфекциялық құралдарды сақтауға және сұйылтуға арналған үй-жайлар жоқ, бұл «Профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды сақтау, тасымалдау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрықты бұзу болып табылады екен. Орны жетіспеушілігіне байланысты медицина қызметкерлерінің демалысын ұйымдастыру үшін жағдайлар туралы мұнда тіпті естімеген.  Бөлімшелер палаталарында алаңдардың болмауына байланысты науқастар палатада 5-6 адамнан орналасады, бұл «Емдеу-алдын алу мекемелері» туралы нормалар мен ережелерді бұзу болып табылады. Науқастардың көп жиналуына байланысты науқастарды  қажетті ауа кубатурасымен және жарықпен қамтамасыз ету де мүмкін емес.

Қордай аудандық орталық аруханасының қазіргі таңдағы жағдайы осындай. Осыларды ескере отырып  270 төсектік көпбейінді орталық аудандық аурухана салу қажеттілігі туындаған. Бірақ, жобалық-сметалық құжат жасалғанымен ондағы соманың тым үлкен болуына байланысты әзірге мемлекет тарапына қолдау таппай отыр. Ол құжат бірнеше рет кері қайтарылған. Жалпы сомасы 30 миллиард теңгеден асып түскен. Мұндай қаржы оңайлықпен қолдау таппайтыны да анық. Дей тұрғанымен де, 150 мың халқы бар үлкен аудан үшін бұл қажеттілік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  2022 жылғы 1 қыркүйектегі  «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айрықша тоқталған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шараларын қолға алу қажет деген болатын.  Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында таяудағы екі жыл ішінде шалғайдағы елді мекендерді қоса алғанда барлық ауылды медициналық инфрақұрылыммен қамту, аудандық ауруханаларды көпбейінді медициналық мекемелер деңгейіне дейін жаңғырту, арнаулы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, ауыл халқын скринингпен қамту, ауылдағы медициналық ұйымдар базасында дәріхана пункттерін ашу, кадр мәселесі және ауылдағы медициналық көмекті дамытуға бағытталған басқа да мәселелерді шешу қарастырылған болатын. Әзірге жоғарыда аталып өткен жағдайға байланысты бұл мәселе шешімін таппай отыр. Аудан басшылығы тарапынан сметасы және өзге де құжаттары жасалып, қажетті орындарға жөнелтілгенімен биыл немесе келер жылы аудан орталығында жаңа көпбейінді аурухана құрылысы басталуы неғайбыл.

Жақында ауданымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Гүлдара Нұрымоваға да аудандық мәслихат депутаттары осы сұрақты қойып, тиісті орындарға жеткізуге ұсыныс жасаған болатын. Дегенімен де, әзірге бұл қажеттіліктің сеңі бұзылмай тұр.

 

 Екінші қажеттілік: Көпір 

Отар ауылындағы аудандық маңызы бар «Отар-Гвардейск» автомобиль жолында темір жол арқылы өтетін өтпелі көпір салу қажеттілігі бұрыннан бері көтеріліп келеді. Бұл мәселе жыл өткен сайын күрделеніп барады. Аудан әкімдігі ол жайында жақсы біледі, тиісті орындарға талай хат та жолданған, сметасы да дайындалған. Бірақ, әзірге сол қаржыландыру жайы кейінге қалып келеді.

Темір жолмен Отар ауылы арқылы Алматы-Отар-Шу бағыттары бойынша күнделікті жолаушылар пойыздары және жүк пойыздары өтеді. Шойын жолда арнайы өтпелі көпірлі жолдың болмауына байланысты бұл жергілікті тұрғындарға үлкен қиындықтар туғызып келеді.  Көршілес тұрған Отар ауылы мен Гвардейск қалашығы тұрғындары күнделікті  көлікпен өтеді. Кейде пойыздардың тым жиі жүруінен кептеліс 3 сағатқа дейін созылады екен. Бұл жұмыс, оқуға қатынайтындар және жедел жәрдем үшін өте күрделі мәселеге айналып отыр. Айта кетер болсақ, Отар ауылдық округіне қарасты Бел, Аңырахай және Гвардейск кенті бар жалпы халық саны 12 844 адам. Ол тұрғындардың күнделікті қатынауы үшін аталмыш орында көлікке арналған өтпелі көпір салу жайы өзекті болып қалып келеді.

 

Үшінші қажеттілік: «Балауса» бағы жанса дейміз

Жамбыл облысы Білім басқармасы, Қордай ауданы білім бөліміне қарасты «Балауса» балалар сауықтыру лагері бүгінге өте күрделі жағдайда тұр.

Қордай ауылында орналасқан лагерьдің 1977 жылдан бері балалар жататын ғимараттары мүлдем жөндеу көрмеген. Онда кәріз суы орны, балалардың киім ауыстыратын бөлмелері, тіпті жуынатын бөлмелері де жоқ. Сыртқы және ішкі сылақтары түсіп, фоесіндегі ағаш тіреулері шіріп кеткен. Әбден тозығы жеткен ағаш терезелері жамаудан көз ашпай келеді.

Яғни, барлығы тозған, ескірген, қазіргі заман талабына да, заң талабына да сай келмейді.  Ал, жылына жүздеген баланы бірнеше лек бойынша қабылдап жүрген сауықтыру лагерінің қазіргі тұрқынан адам шошиды.

Қазір күрделі жұмыс жасау үшін ЖСҚ әзірлеуге және сараптамадан өткізу үшін құны қомақты қаражат қажет.

Балалардың сүйікті мекені «Балауса» лагерінің жайы қысқаша осындай.

 

Төртінші қажеттілік: Керуге барар жол

Қаракемер, Керу ауылы тұрғындарының жанайқайы әзірге шешімін таппай отыр. Жалпы округ тұрғындары егістік, шабындық және мал бағу алқаптарына жету үшін Керу ауылына апаратын жолды пайдаланады. Екі ауылдың арасын жалғайтын жол 18,1 шақырым. Әбден тозығы жеткен, жеңіл көліктер үшін тіпті қауіпті десек артық айтқандық емес. Ал, аталмыш округтегі барлық шаруа қожалықтардың жерлері сол Керу ауылына баратын тау бөктерлерінде орналасқан. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу, егін жинау, мал бағуға баруға таулы жермен жету үшін күніне жүздеген адам басын қатерге тігіп келеді деуге толық негіз бар.

Ал, жыл мезгілінің қыс, көктем айларында жүк көліктерінің өзі ол аймаққа жете алмай қалады. Ал, жедел жәрдем көлігінің Керу елді мекеніне жетуі тіпті мүмкін болмай қалуда.

Екі ауыл арасын жалғап жатқан 18,1 шақырымдық жолды жөндеуден өткізу қазіргі тұрғындардың басты талабына айналып отыр.

Айта кетер болсақ, аталмыш учаске бойынша сметалық құны: 941 920 000 теңге. Аудандық бюджет арқылы сметасы жасалғанымен, жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржы бөлу жағы кейінге шегеріліп келді. Ал, жақында аудан басшысы Бегзат Болатбеков Қаркемер ауыл тұрғындарымен есепті кездесуінде аталмыш жолға жөндеу жұмыстары бастау алатынын, оған аудандық бюджеттен қаржы бөлінгенін жеткізді. Бірақ, ол бөлінген сома аздық етуі мүмкін. Дей тұрғанымен толықтай жолды жөнге келтіру үшін жоғарыда аталған соманы облыстан қаржыландыру қажет.

 

Бесінші қажеттілік: Төле би көшесін жеңілдету

Қордай ауылы тұрғындар саны жедел өсіп жатқан мекен. Сонымен бірге күнделікті барлық ауылдық округтерден қатынайтын жандардың санында есеп жоқ. Солардың негізі қазір тіршілік көзіндей болған Төле би көшесімен қатынайды. Әсіресе ертеңгісін және кешкілік уақытта бұл көшеге үлкен қаладағыдай кептелістер орын алып жатады. Біреулер ауруханаға асықса, екіншісі мектепке, балабақшаға барады. Ал, орталық базарға ағылатындар саны қаншама. Жақында аталмыш көше жөндеу жұмыстары үшін жабылған кезде қуырдақтың көкесін көрді жұрт.

Төле би көшесіндегі кептелісті қалайда жеңілдетудің бір жолы – ол Қарасай батыр көшесін «Батыс» ықшам ауданында дейін созып шығару дейді мамандар. Ол жолды созу арқылы аудан орталығындағы кептелісті азайтуға мүмкін болар еді. Алайда Қарасай көшесін ұзарту оңай шаруа болмай тұр. Канал үсінен өтетін арнайы көпір де салу қажет. Жол жасаудың өз шығыны бар дегендей. Бұл нысан бойынша да сметасы жасалыпты. Бірақ, әзірге толықтай қаржыландыру бойынша қолдау таппай отыр.

 

Алтыншы қажеттілік: Ғимаратсыз қалған өнер

Қордай ауылында балаларға қосымша білім беретін екі мекеменің жағдайы талай рет айтылғанымен әзірге шешімін табар емес. Талай байқауларда балақайлардың жұлдызын жағып, түрлі үйірмелерімен көптің көңілінен шыққан «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының» ғимараты қазір таршылықтың тауқыметін тартып келеді. Орталық өз күшімен қолдан келгенше ғимаратты кеңейтуге тырысқанымен әзірге ол көмек болмай отыр. Кабинеттер жетіспеушілігі, мамандар бөлмелерінің болмауы, жалпы шығармашылық орталық талабына сай жұмыстар жүргізуде үлкен қиындықтар бар. Алайда, соған мойымастан аталмыш орталық жұмысын мықты жолға қойып, биыл тіпті өзінің 20 жылдығын жоғары деңгейде атап өтті. Дей тұрғанымен, жалпы қосымша білім беру жұмысын лайықты жүргізуге өзіне сай ғимарат қажет-ақ.

Ғимарат жайында сөз еткенде аты бар, бірақ заты жоқ мектеп еске түседі. Қордайдағы «Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінің» ғимаратсыз жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Бір кездері №4 мектептің бір бөлігін паналаған, қазір жеке меншік ғимаратта отырған мектептен талай балалар музыкалық және бейнелеу бойынша білім алады. Бұрын кәдімгі қойма болған ғимаратта қазір өнер мектебі орналасқан. Ешқандай кабинет талапқа сай келмейді. Тіпті терезесі жоқ кабинетте балалар музыкалық білім алуда. Әртүрлі аспапта ойнайтындықтан бір-біріне кедергі келтіру ол жақта үйреншікті жағдай.

60 жылдық тарихы бар өнер ошағының өз ғимараты болған. Елең-алаң жылдары жекеге өтіп кетіп, аты дардай мекеме, балалар мекені енді жеке кәсіпкерге ай сайын миллиондаған қаржы төлеуге мәжбүр. Бұл да қажеттілік, бұл да «бір кем дүние».

 

Қорытынды

Біз атап өткен алты қажеттілік ең алдымен ауданның, тұрғындардың қажеттілігі. Иә, аурухана салу, жол жасау оңай жұмыс емес, бірақ, осы қажеттіліктер өтелер болса көп дүние оңалар еді. Әзірге, қажеттілік тек қажеттілік қалпында қалып отыр.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.