«БІР ТҮП АЛМА АҒАШЫ» САХНАЛАНДЫ

0

Әр ата-ана бағып-қағып өсірген балаларының есейгенде өз орнын тауып, бір-бір отбасы болғанын қалайды. Тай-құлындай тебісіп өскен перзенттері бір-біріне сүйеніш болып, бауырмалдықтарын жоғалтпаса екен деп армандайды. Бірақ, кейде қым-қуыт тұрмыс пен өзге де себептердің әсерінен ет-жақын адамдардың өзі өсе келе бөтен болып кететіні өкінішті…

Қазақ қоғамының осы бір осал тұсын ашық көрсетіп, отбасылық құндылықтардың құлдырау себептеріне жауап іздеу арқылы көрерменге терең ой салатын шығармалардың бірі – Әлібек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» спектаклі бейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде сахналанды. Өнер туындысын тамашалауға театр сүйер қауыммен бірге аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай және ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты.
Әлі күнге өзектілігін жоймаған тырнақалды туындының көрерменге берері көп. Аталмыш спектакль ауданымызда бұған дейін де қойылғаны мәлім. Әр режиссер оны өзінше сахналап, шығармаға жаңа дем беруге тырысып келді. Бұл жолғы қойылымның режиссерлері – Мұрат Рысбеков және Жомарт Тынышбек. Олар актерлердің рөлді шынайы ойнауына, сахнаның безендірілуіне, музыкалық көркемделуіне мән беріп, жалпы туындының халықтың көңілінен шығуына барынша дайындалдық дейді. Бұл ретте актерлердің шеберлігі бөлек әңгіме екенін айта кеткен жөн. Мәселен, өмірлік серігінен ерте айырылып, балаларын қанаттыға қақтырмай жалғыз өзі өсірген Дәметкен ананың рөлін сомдаған Жанат Ақылбаева, арбаға таңылған кенже ұлы Мақсаттың кіршіксіз таза көңілін қаз қалпында жеткізе білген Төлеген Қыдырбек, күйбең тірліктің кесірінен ауылдағы қара шаңыраққа бір келуге уақыт таппаған, есейе келе бір-бірін жатсынып кеткен Мақсаттың аға-әпкелерін сомдаған Берік Семетаев, Самал Балмұхамбетова, Мади Шекербеков, Жомарт Тынышбеков, Диана Назимхан сынды актерлердің әрқайсысы да өз образдарын барынша ашуға тырысты. Ал қойылымды селт етпей бір деммен тамашалаған көрерменге қарап әртістердің өз міндеттерін ойдағыдай орындағандарына, көпшілікті сендіре білгендеріне көз жеткізесің.
«Бір түп алма ағашы» спектаклі арқылы адамдар туған бауырдың, туысқанның қадірін түсініп, отбасылық құндылықтан асқан ешнәрсе жоқ екенін, тамырынан нәр алмаған ағаштың бұтағы жарытып жеміс бере алмайтыны жайлы ойланады.
Сәуле СҰЛТАНБЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.