Бүгінде ара балының денсаулыққа пайдалы екенін
білмейтін жан кемде-кем. Ал, оның тіл үйіретін тәтті дәмін ұнатпайтын адам жоқ шығар сірә. Бұған дейін омарта ұстап, бал арасын өсіру – еліміздің көптеген өңірлері үшін таңсық болып келгені рас. Тауар өндірушілер оны дәстүрлі емес шаруашылықтың қатарына қосып келген еді. Ал қазіргі таңда жағдай көп өзгерген. Бүгінгі күні агроөнеркәсіп саласы өндірісінде ара шаруашылығының алатын үлесі жылдан-жылға өсіп келеді. Қордай ауданында да бал арасын өсіру қарқынды дамуда. Бұл тамаша өнімді шығарумен айналысатын омарташылар әдетте Қордай ауданының Шарбақты, Қарақоңыз, Қарасай, Үлкен Сұлутөр сынды таулы аймақтарында жайғасады. Осындай омарташының бірі – Владимир Кучерюк есімді азамат.
Өзге салалардағыдай, ара шаруашылығының ерекшелігі көп. Оның барлығын білу тынымсыз еңбек, ізденіс және тәжірибеден келеді.
— Бір тамшы бал жинау үшін бір ара шамамен 5 мың гүлге қонады. Және аралар өткір иісті жақтырмайды, сондықтан омартаға барар алдында парфюм қолданбаған жөн, — дейді Владимир Кучерюк.
Владимир Николаевич ара шаруашылығына кездейсоқ келген жоқ. Кезінде бірқатар салада жұмыс істеп көрген Владимир омарташылыққа о бастан ақ қатты қызыққан.
— Басында кәсібім үш ара отбасынан басталды, ол жәй ғана қызығушылық болды. Кейін тағы бесеу қосылды, сонымен бүгінгі күнге отбасылар саны 70-ке жетті. Ең алдымен Жұмыспен қамту орталығында омарташы курстарында оқып, білімімді толықтырдым. Кітап оқып, тәжірибелі омарташылармен кездесіп, мамандықтың қыр-сырын үйрендім. Оқу аяқталғаннан кейін өтеусіз грантқа ие болып, алған қаражатқа істі дамытуға қажетті құрал-сайманды сатып алдым. Биыл араларды тасымалдау үшін тіркеме алуға мүмкіндік туды. Енді оны қайта жабдықтау қажет. Дегенмен, жұмыс басталды, жақын арада жабдықтау жұмыстары аяқталады деп ойлаймын, — дейді Владимир.
Аралармен бірнеше жыл жұмыс істеп, оларды танып-біліп қалған Владимир бұл мамандықты жан-тәнімен сүйу керек екендігін айтады. Сонымен қатар, омарташы мамандығы аллергиясы бар адамдарға қауіпті болып табылады, себебі қорғаныс киімін қолданғанның өзінде аралардың адамды шағып алуы әбден мүмкін.
Владимир Николаевич мүмкіндігі шектеулі болғанымен қол қусырып отырмайды. Күні бүгінге дейін жеке көлігімен адам тасымалдап, онымен қоса ара шаруашылығын алып жүр. Бұл аз болса ауласында ағашты өңдейтін бірнеше станок та тұр. Әңгіме барысында кейіпкеріміз ағаш ұстасы екенін білдік. Оның ұсталық өнерінің қазір пайдасы тиіп отыр, Владимир ұяларды өз қолымен жасайды. Владимир Николаевич нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өзі.
— Омартаны бірінші жылы ұстағанда араларға барынша көп мөлшерде бал қалдыру қажет. Олардың қыстан аман шығуы тапқан табыстан маңызды. Күн суықта және шырынды жинау мүмкіндігі жоқ болған кездерде аралар сол балды пайдаланады. Биыл өнім аз болды, бар-жоғы 5 фляга, — деп омарташы әңгімесін жалғастырды.
Владимирдың шаруашылығындағы аралардың басым бөлігі «карпат» тұқымдас. Ал, биыл омарташы кавказ тұқымдас араларды сатып алыпты, алайда алған 10 аналықтың біреуі ғана тірі қалған.
Владимирдің күнделікті атқарып жатқан жұмысы туралы әңгімені қызығушылықпен тыңдап, ара ұяларына жақындап кеткенімізді байқамай қалыппыз. Владимир ара ұясының шатырын көтерген сәтте ұя ішіндегі қызып жатқан жұмысты байқадық. Еңбекқор аралар оларды жұмыстан алаңдатқанды ұнатпайды екен.
— Білімді жетілдірген жөн, ал ол үшін ниет пен ынта қажет. Жұмысыңды жақсы көрмесең, ол алға баспайды. Ең бастысы кәсібің саған жан рақатын сыйлау керек, — дейді Владимир Николаевич.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ