Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты түрде аудандық этномәдени бірлестіктердің басшылары марапатталды.
Іс-шараға әртүрлі ұлт өкілдері жиналды, олардың ішінде «Әзери» әзірбайжан этномәдени орталығының, «Отечество» славян этномәдени орталығының, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының, Сортөбе дүнгендерінің этномәдени орталығының, «Йинпан» дүнген этномәдени орталығының, «Шаңырақ» қазақ этномәдени орталығының, «Ахыска» түрік этномәдени орталығының, «Саладин» күрд этномәдени орталығының басшылары болды. Аудан әкімінің атынан жиналған қауымды оның орынбасары Дамира Сүгірбай құттықтап, игі лебіздерін жеткізді.
«Қазақстанда мекендейтін барлық этностардың достығы мен бірлігі – біздің басты жетістігіміз бен байлығымыз. Биік шыңдарды тек қана бірлігі жарасқан ел бағындыра алады. Сондықтан бірлікті сақтау — әр азаматтың парызы болып табылады. Ұлтаралық бірлікті нығайтуға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін алғыс айтамын», — деді өз сөзінде Дамира Маратқызы. Содан кейін шараға шақырылғандар естелік сыйлықтармен марапатталып, суретке түсті.