Бірлік дәмі – татулықтың тұтқасы

0

Қордайда «Ұлттық тағамдар» фестивалі ұлттар достығын дәммен ұштастырды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ерекше форматтағы тағылымды шара – «Ұлттық тағамдар» фестивалі өтті. Аудандық «Тілдерді оқыту орталығы» КММ ұйымдастырған бұл фестивальдің мақсаты – ұлттық тағамдарды дәріптеу, әр этностың тағам арқылы тарихын, мәдениетін таныту, ел ішіндегі бірлікті нығайту.

Фестивальге орталықтың қазақ тілі курсына қатысып жүрген тыңдаушылар белсене атсалысты. Олар әр ұлттың дәстүрлі бес түрлі тағамын әзірлеп, сол тағамдардың шығу тарихын, жасалу жолын кеңінен таныстырып, ұлттық ерекшеліктерін ашып көрсетті.

Қазақ халқының ұлттық тағамдарын дайындап, салт-дәстүрімен байланыстырып ұсынған Масаншы ауылдық округінен келген «Қызғалдақ» және «Ынтымақ» топтары көпшіліктің көңілінен шықты. Қымыз бен шұбаттың қасиетін, қазы мен бауырсақтың дәмін әсерлі әңгімемен ұштастыра білді.

Орыс халқының тағамдарын ортаға салған Қордай ауылдық округінің «Сәттілік» тобы мен Қарасу ауылдық округінен келген «Каравай» тобы борщ, пирог, вареники секілді тағамдарды дайындап, олардың қалай әзірленетінін, қай кездерде дастарқанға қойылатынын қызықты баяндап берді.

Дүнген ұлтының бай дастарқанымен таныстырған Масаншы ауылдық округінен «Достық» тобы мен Сортөбе ауылдық округінен келген «Ақ көгершін» тобы лағман, дуфу, манты сияқты тағамдарды шеберлікпен әзірлеп, әрбір дәмнің артында терең мәдениет жатқанын көрсетті.

Тартысты өткен фестиваль қорытындысында үздік деп танылған командалар анықталды. І орынға «Ынтымақ», «Сәттілік» және «Ақ көгершін» топтары ие болса, ІІ орынға  «Қызғалдақ», «Каравай» және «Достық» тобы ие болды.

Фестиваль шын мәнінде ел ішіндегі этносаралық татулық пен мәдени әртүрлілікті дәм арқылы біріктірген ерекше алаң болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.