Құрметті жерлестер!
Тәуелсіздік – ұлттың ұлы мұраты, халықтың жүрегіндегі ең қастерлі құндылық. 16 желтоқсан – ғасырлар бойы елдіктің еңсесін тіктеп, азаттық жолында жанын қиған бабалардың асыл арманы ақиқатқа айналған тарихи күн. Бұл күн – біздің мемлекетіміздің жаңа дәуірге қадам басқан, өз жолын айқындаған, болашағын нық сеніммен белгілеген сәті. Баршаңызды Ұлттық мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік жылдары Конституциямыз қабылданып, мемлекеттік рәміздеріміз ұлттың рухын асқақтатты. Ұлттық валюта енгізіліп, экономикамыздың тұрақты дамуы қамтамасыз етілді. Шекарамыз айқындалып, Қарулы Күштеріміздің қуаты күшейіп, мемлекеттілігіміздің іргесі бекіді.
Бүгінгі таңда еліміз Жаңа әрі Әділетті Қазақстан құру жолында тың реформаларды іске асырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында көтерілген міндеттер цифрландыру, басқару тиімділігі, жаңа технологияларды енгізу салаларында тың серпін берді. Бұл бағыттағы тапсырмалар біздің ауданымызда да жүйелі түрде жүзеге асырылып, қызмет сапасын арттыруға, халыққа көрсетілетін қызметті жеңілдетуге бағытталған нақты жобалар қолға алынуда.
Бүгінде елімізде түрлі этностар тату-тәтті өмір сүріп, мемлекетіміздің дамуына бірлесе атсалысуда. Қордай ауданында да көп этносты қоғамның ынтымағы нығайып, бірлік пен тұрақтылық күнделікті тіршіліктің өзегіне айналды. Бұл – біздің басты байлығымыз әрі ортақ мақтанышымыз.
Қордай ауданы тәуелсіздік кезеңінде зор өзгерістерді бастан кешірді. Әлеуметтік-экономикалық бағыттарда маңызды мәселелер шешімін тауып, халықтың тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды. Соңғы жылдары білім беру инфрақұрылымы жаңарып, жаңа мектептер мен балабақшалар пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласы да жаңа деңгейге көтеріліп, медициналық қызметтің қолжетімділігі кеңейді. Мәдениет үйлері, кітапханалар, спорт кешендері жаңғыртылып, жастардың дамуына қолайлы орта құрылды.
2025 жылы аудан бойынша бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асты: жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, полиция бөлімдері, денсаулық сақтау орталықтары, білім беру мекемелері халық игілігіне тапсырылды. Жолдар жөнделіп, ауыз су, жарық, тұрғын-үй мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Құрметті аудан тұрғындары!
Бүгінгі жетістіктеріміз – ертеңгі табыстарымыздың берік негізі. Алдағы уақытта да осы бірлігіміз жарасып, жаңа жобаларды бірге жүзеге асырып, ауданымыздың әлеуетін арттыра беретінімізге сенімім мол.
Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, отбастарыңызға береке-бірлік тілеймін!
Бегзат Болатбеков, Қордай ауданының әкімі