БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ – ЕЛ ЫРЫСЫ

0

1 мамыр – Қазақстандағы ең маңызды әрі мазмұнды мемлекеттік мерекелердің бірі. Бұл күн – көпұлтты еліміздегі ынтымақ пен бірліктің, бейбіт өмір мен татулықтың нышаны. Биыл бұл мереке ерекше сипатқа ие. Өйткені дәл осы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. 1995 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ассамблея бүгінде бейбітшілік пен келісімнің, ел ішіндегі тұрақтылықтың басты тірегіне айналды.

Бейсенбі күні Қордай ауылында ұйымдастырылған «Бейбітшілік – берекем» атты мерекелік шара да осы мызғымас татулықтың айғағындай болды. Аудан орталығының қақ төріндегі алаңға жиналған жұртшылық көтеріңкі көңіл-күймен, шат-шадыман күйде мерекені қарсы алды. Салтанатты жиынға Қордай ауданы әкімінің орынбасарлары, аудандағы этнос өкілдері мен ақсақалдар, өнерпаздар қатысты.

Мерекелік бағдарламаның шымылдығы «Бір шаңырақ астында» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Түрлі этностардың ұлттық болмысы мен мәдениетін қамтыған сахналық көріністер ел бірлігін айшықтай түсті.

Шара барысында ауданның өнер ұжымдары бірінен соң бірі сахна төріне шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Мәселен, «Махаббат» халықтық би ансамблі «Достық» биін мың бұрала билесе, «Ойжайлау» фольклорлық ансамблі ұлы бабамызға арналған «Қарахан баба» шығармасын орындап, ұлттық рухты асқақтатты. Ал «Серілер» тобы «Өз елім» әнімен көрермен жүрегінен орын алды.

ҚР Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Қожағазина «Айналдым елім» әнін жүрекпен орындап, жұртты тебірентті. Келесі кезекте шыққан дүнген этносының «Чунтян» халықтық ән-би ансамблі өз ұлтының ұлттық биімен сахнаны жандандырды. Сондай-ақ, думанды кеште «Соседушки» фольклорлық ансамблі мен «Парасат» әжелер ансамблі де әуезді әндерін арнады.

«М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің» шәкірттері де өз өнерлерін ортаға салып, ел болашағының өнерге құштар екенін дәлелдеді. Ал «Ромашки» балалар хорының орындауындағы ТМД елдерінің әндерінен попурриі көрермен көңілінен шықты. Би өнерімен ерекшеленген «HAYAT» би студиясы да сахнада үйлесімді хореографиясымен дараланды. Өзге де аудан өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, мерекелік кештің шырайын аша түсті.

Аудандық деңгейде ұйымдастырылған бұл салтанатты жиын ел ішіндегі этносаралық келісім мен өзара түсіністіктің көрінісі болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.