«Достық керуені» – этносаралық тәуекелдің алдын алу, мәдени диалог орнату бағытындағы бірегей жоба. Бұл бастама Жамбыл облысында жүйелі түрде іске асырылып келеді және бүгінде өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Өткен аптада кезекті кездесу Қордай ауданында жалғасын тапты.
Жоба аясындағы шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Астанада өткен Ассамблеяның XXXIV сессиясында Президент жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыруға арналды. Кездесу барысында облыстық, аудандық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері тәжірибе алмасып, пікір білдірді. Сондай-ақ, ҚХА-ның 30 жылдығына арналған негізгі міндеттер мен алдағы жоспарлар талқыланды.
«Достық керуені» жобасы шеңберінде Қордай ауданының Мәдениет үйінде аудандық этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің «Дүнген мұрасы» атты өнер және этнографиялық бірегей жеке коллекцияларының көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің басты мақсаты – өңірдегі түрлі этностардың тарихи-мәдени мұрасын насихаттау және халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайту.
Шара барысында дүнген этносының мәдени болмысын айқындайтын, тарихи әрі рухани құндылығы жоғары жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, облыстық «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрағасы Айша Идыбо дүнген халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін кеңінен таныстырды.
«Достық керуені» — өңірдегі этнос жастарының таланты мен талабын анықтауда үлкен мүмкіндіктер беретін бірегей жоба. Халықты ізгілікке үндеп, елдің тұтастығын сақтауда ақсақалдардың орны айрықша. ҚХА жанынан құрылған облыстық Ақсақалдар кеңесі осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді. «Достық керуені» жобасы аясында өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесі Қордай ауданындағы Ақсақалдар ұйымының өкілдерімен кездесіп, келелі кеңес өткізді. Алқалы жиынды ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Абдурахман Зайнутдинов, кеңес мүшесі, ардагер Йсмаил Хадижимуратов, және «Жамбыл облысы «Вынхуа» дүнгендер қоғамдық бірлестігі» төрағасының орынбасары Идрис Юнусов өзекті мәселелерді талқылап, ортақ шешім жолдарын ұсынды.
Ақсақалдар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, еңбекке баулу, адалдық пен бірлікті дәріптеу, этносаралық келісімді нығайту секілді маңызды тақырыптарды қозғап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Достық керуені» — өңірдегі этнос жастарының таланты мен талабын анықтауда үлкен мүмкіндіктер беретін бірегей жоба. Жоба аясында жастармен кездесу ұйымдастырылды. Шараға Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева, «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Фарида Нақыш, сондай-ақ «Полонез» поляк этномәдени бірлестігінің төрайымы Лариса Калькова қатысып, қоғамдағы өзекті әлеуметтік және тәрбиелік мәселелерге назар аударды.
Кездесу барысында қатысушылар этносаралық келісімді нығайту, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, мәдени жобаларды дамыту бағытындағы ұсыныстарымен бөлісті. Ал, Қордай ауданындағы ҚХА төрағасының орынбасары Эльдар Апаев және Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Таңат Қабылтай та өз пікірлерін білдіріп, жобаның маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, «Полонез» бірлестігінің төрайымы Лариса Калькова қатысушыларға этномәдени бағыттағы әдістемелік нұсқаулықтарды таныстырды.
«Достық керуені» жобасы аясында «Ассамблея жастары» РҚБ Қордай ауданының Жастар орталығында колледж студенттерімен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты — жастар арасында достық пен татулық құндылықтарын насихаттау, көшбасшылық қабілеттерді дамыту, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамаларын қолдау болды.
Іс-шара барысында «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы Хамида Турдыева ұйымның қазіргі атқарып жатқан жұмыстары мен жобалары туралы баяндады. Ол сонымен қатар ҚХА-ның «50 жас көшбасшы» жобасын таныстырып, оның жастар үшін маңыздылығы мен мүмкіндіктері туралы айтты.
Кездесуде Қордай ауданы «Ассамблея жастары» ҚБ төрағасы Исмаил Щимеев аудандық деңгейде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ жиынға «Жамбыл ТВ» телеарнасының редакторы, ҚХА мүшесі, тіл жанашыры Риналь Рахматулин қатысып, студенттерге қоғам алдында сөйлеу мәдениеті мен пікірсайыс дағдылары бойынша мотивациялық тренинг өткізді. Кездесу соңында бірқатар белсенді жастар марапатталып, естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен бірге, жастарды ұлттық әдебиет пен рухани құндылықтарға баулу мақсатында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының төрт томдығы тарту етілді.
Облыстық ҚХА Аналар кеңесі «Достық керуені» жобасы шеңберінде Қордай аудандық Аналар кеңесімен кездесу өткізді. Басқосуда облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төраға орынбасары Сара Даузова «Салауатты сана» және «Барыңды бағала» жобаларын кеңінен таныстырып, олардың жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды. Кездесу барысында ҚР Президентінің биылғы Жолдауында айтылған жастардың бойындағы зиянды әдеттерден арылу, жасөспірімдермен өзара түсіністік орнату және тәуелділіктің алдын алу бағытындағы міндеттер талқыланды. Аналар кеңесінің мүшелері жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жиі өткізу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ аудандық Аналар кеңесінің өкілдері де өз ойларын ортаға салып, еңбекке ерте араласып жатқан жасөспірімдердің денсаулығына қатысты алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселе қазіргі қоғамда өзекті болып отырғанын айтқан аналар оны бірлесіп шешудің жолдарын қарастыру қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері отбасы құндылықтарын сақтау, ұрпақ тәрбиесіне мән беру бағытында ұсыныстарын айтып, аудандық кеңестің белсенді мүшелерін аймақ бірлігі мен тұтастығын нығайтуға қосқан үлестері үшін марапаттады.
Жоба бағдарламасына сәйкес, Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі ауданның этнос жастары арасында ұлттық ойындардан спартакиада ұйымдастырды.
Салауатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық спортты дамыту мақсатында өткен додаға қатысушылар «Асық ойнау», «Ләңгі тебу», «Арқан тарту», «Қол күрес», «Гір тасын көтеру» сынды ұлттық ойындардан сайысқа түсті.
Өскелең ұрпақты тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, баулитын жарыс – этнос жастары арасындағы ынтымақты нығайтатыны күмәнсіз.
Ұлттық спортты ұлықтаған дода қызу әрі тартысқа толы өтті.
Жарыс ережесіне сай жеңімпаздар марапатталды.
Қордай ауданында «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Достық керуені» жобасы «Өнерім саған, Қазақстан» атты фестивальмен қорытындыланды. Шараға мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы түрлі этнос жастары қатысты.
Фестивальдің мақсаты – Қазақстан халқының өнері мен мәдениетін кеңінен насихаттау, ел бірлігін нығайту, мәдени әралуандықты дамыту және жас орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру болды.
Өңірлік Ассамблея жастары ҚБ жетекшісі Хамида Тұрдыева Қордай ауданының белсенді жастарына Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Фестиваль соңы естелік суретке түсумен және достық көңіл-күйде түйінделді.
Дайындаған Жандос ОМАРОВ