«БІРЛІК» – ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ АЛАҢЫ

0

Ұлттық мереке қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» халықаралық жастар лагерінің жұмысы өз мәресіне жетті. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен үш күндік іс-шараға еліміздің барлық аймағынан 70-тен астам волонтер жиналды. Қырғызстан, Өзбекстан жастары онлайн байланыс арқылы қосылды.
Жастар лагерінің ашылу рәсіміне «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Аппаз Кемелев, Қостанай облысының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Наталья Рамазанова және «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Талғат Жұрымбаев қатысты.
– Біз Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданында табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету шараларына белсенді атсалысқан еріктілердің басын қосып отырмыз. Қазақстанның барлық өңірінен келген жастар көшбасшылары, белсенді жастардың көбі келді. Жастар – қашан да қоғамның қозғаушы күші. Ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр отанымыздың қай бұрышында жүрсе де, елдік туы көтерілген сәтте жұмыла жүк көтеріп, көпке үлгі көрсете білген жасампаз жастарымыздың көп екеніне қуанамыз, – деді салтанатты жиында алғысөз алып, жастарды құттықтаған Тимур Жұрымбаев.
ҚХА жастарының Алматы қалалық өкілдігі төрағасының орынбасары Омар Мохаммедсаруардың сөзінше, еліміздің әр өңірінде бірін-бірі көрмей игі іске жұмылып жүрген волонтер жастардың бір жылда бір рет басын қосатын «Бірлік» лагерінің маңызы ерек, жөні бөлек. Жастар мұндай шараларды асыға күтеді. Өйткені бір-бірімен танысып, жүздесіп, білісіп, жастарға қатысты мәселелердің әрі қарай шешілу жолдарын ақылдасып-кеңеседі. Пікір алысып, тәжірибе алмасады.
Жыл сайын еріктілер қозғалысына атсалысып жүрген белсенді жастардың арасында ұйымдастырылып тұратын дәстүрлі іс-шараның мақсаты – достық байланыстарды нығайту, патриотизм, ел мүддесіне жұмылу, бірлік қағидаттарын санаға сіңіру. Волонтер жастар Алтынсарин ауданындағы қалың орман аясына орналасқан «Жайлау» демалыс орнында бірнеше күн қатарынан медиа сауаттылықты көтеру, ақпараттың ақ-қарасын ажырата білу, әлеуметтік желілерде этносаралық шиеліністердің алдын алу туралы дәрістер тыңдады. Сан алуан спорттық мәдени шараларға қатысып, көңілді жарыстар өткізді. Сондай-ақ қыркүйектің басында өртенген Аманқарағай орманына барып, бір күн бойы қарағай көшеттерін отырғызды.
Лагерьдің бірінші күні Қостанай облысы ҚХА ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Дмитрий Качеев жастарға күнделікті өмірде және әлеуметтік желілерде орын алып жатқан этносаралық ұлтаралық жағдайды ушықтырып, ел ішіне сына қағатын келеңсіз жағдайлардың алдын алу жөнінде тренинг өткізді.
Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысындағы департаментінің басшысы Асхат Ескендіров жастарға мемлекеттік қызметшінің ұстанымы, патриоттық тәрбие, білім алудың маңызы жөнінде әңгімеледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақша сөйлейтін жастар көбейіп келе жатыр. Жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгерді. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес» деген сөзінің дәлелін осы халықаралық жастар лагерінен көрдік. Мұнда өткен қызықты да, мазмұнды шараның бірі Катерина Гедзурдың бүгінгі қоғамдағы қазақ тілінің орны мен қызметі туралы мәселеге арналған тренингі болды.
– Қазіргі жастар мемлекеттік тілдің маңызын айқын түсінеді, қадір-қасиетін шынайы сезінеді. Тіл – ұлт пен ұлтты жақындастыратын ең үлкен қатынас құралы. Менің ойымша, қазақ тілін үйренетіндер тіл білудің барлық артықшылығын түсінуі керек. Біз қазақ тілін меңгеру арқылы өз өмірімізді жеңілдетеміз, көптеген реніш, өкпе-наз тудыратын келеңсіз жағдайлардан аулақтаймыз. Қазақ тілін меңгерген жастардың алдында жаңа мансаптық, саяси және әкімшілік артықшылықтар да пайда болады. Өйткені қазақ тілі бәрімізге ортақ бірлік пен келісімнің тілі, болашағымыз, ертеңіміз, – дейді Катерина Гедзур.
Демалыс орнында өткен іс-шаралар барысында волонтерлік пен кәсіпкерлікті ұштастыру, коммуникация құру мәселелері, бірлік пен татулықтың басты құндылықтары жөнінде квест және ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
– Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы ел көлемінде өтіп жатқан бірде-бір қайырымдылық шараларынан тыс қалып көрген емес. Қандай да бір жағдай орын ала қалса, үнемі үлес, үн қосып отырады. Мысалы, Аманқарағай орманы өртке оранған күндері Ассамблея Қостанай облысына 60 млн теңгеден астам сомаға 243 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Ал бүгін қорытындыланып жатқан «Бірлік» арқылы еліміздің барлық өңірінен келген жастар, еріктілер бір-бірімен жақын танысып, өзара достық қарым-қатынас орнатты, ағаш отырғызу, табиғатты аялау сияқты игі істерге жастық жалынмен жұмыла кірісті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бірлік – басты қағидамыз, елдің бірлігі – еліміздің дамуы мен өркендеуі жолындағы басты құндылық» дейді. Біз осы ұстанымға берік болуымыз керек, – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы Назгүл Досмағанбетова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.