БІРЛІК ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

0

Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қасиетті қазақ даласынан қоныс тапқан сан түрлі ұлт өкілдері, бүгінде теңдігі бір, арманы ортақ халыққа айналып, туған елінің бірлігін бекем, тұғырын биік етуге атсалысып жатқан жайы бар. Осылайша, бірлік пен ынтымақтың арқасында басқа қонған бағымыз өзгеге үлгі болып, ел Президенті биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының қаншалықты маңызды ұйым екенін тағы бір мәрте қадап айтты.

Сәуір айының жиырма бесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы өткені белгілі. Президент сол алқалы жиында ұйым мүшелеріне бірқатар мақсат пен міндеттер жүктеген болатын. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 7 мамыр күні Сортөбе ауылында «БІРЛІК ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚ» атты форум өтті. Форумға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесі мен аудандық қоғамдық кеңес төрағалары, этно-мәдени бірлестік жетекшілері және Сортөбе ауылының ақсақалдары, белсенділері қатысты.

Айта кету керек, ұйымның ХХХІІІ сессиясының отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы көпшілікке жерлесіміз Лугмар Харкиевич Буларовты Ассамблея Төрағасының орынбасары ретінде таныстырып, оған үлкен сенімін білдірген болатын. Осы ретте форумда Лугмар Харкиевич Президенттің сенімін ақтауға барынша талпынатынын, аудандағы ұлтаралық қатынасты нығайтуға атсалысатынын атап өтті. Себебі, ауданда 160 мыңға жуық халық тұрады, оның ішінде 30-дан  астам өзге этнос өкілдері мекен етеді. «Біз бірлік пен татулықты ту еткен ауданбыз. Біздің татулығымыз көпке үлгі болып, дами берсін», — деді форумда Лугмар Харкиевич.

Форумда Лесбек Құралбайұлы да сөз алып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау бәріміздің парызымыз екенін атап өтіп, ұлт достығы нығая берсін, деген тілегін жеткізді. «Президентіміз сессияда Ассамблеяның әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, Ұйымның мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен, этно-мәдени бірлестіктермен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, ең бастысы, ұлтаралық келісімді нығайту міндеттерін жүктеді.  Яғни, алдағы жұмыстарда мақсатымыз айқын, міндетіміз белгілі», — деді Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы.

Форумда ұлтаралық достық, халықтың ауызбір-шілігі жайында кеңінен әңгіме өрбіді. Бейбітшілікті ту еткен елімізде жүзден астам ұлт өкілдерін қанатының астына жиып, рухани келісімнің нышанына, күллі әлем үшін бейбітшіліктің бетке ұстар үлгісіне айналғаны, және де бұл үшін Ассамблеяда барлық қажетті тетіктер мен заңдардың қабылданғаны да айтылды. Сонымен қатар, көпшіліктің назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық киімдерін киіп, ән шырқап, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бүгінде әлем үлкен өзгерістер жолағына аяқ басты. Халықаралық қатынастар айтарлықтай дағдарысты бастан кешіп отыр. Осындай күрделі жағдайда елімізде берекелі тірліктің орнауы, ең бірінші ауызбіршіліктің арқасы. Мұндайда, қазақ халқында айтылатын әдемі мақал бар. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, кең-байтақ қазақ даласында орнаған татулықты мәңгі ұстап тұруда өзге ұлт өкілдерінің қосар үлесі де зор.

Қорыта айтқанда, толеранттылықтың жарқын үлгісіне айналған Қазақ елі қашан да өзге ұлт өкілдеріне, олардың наным-сеніміне, салт-дәстүріне түсіністікпен қарап, келісім мен бейбітшілік үрдісін көздеген. Ал бұл халықтың ынтымағы, әлбетте, кемел келешек, жарқын болашағымыздың кепілі болып қала бермек. «Ағаш тамырымен, адам достығымен мықты» деген сөз осыдан қалған болар, сірә.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.